Путин ШЫҰ саммитінің алаңында бірнеше президентпен екіжақты кездесу өткізді

Фото: Фото: Кremlin

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне келген мемлекет басшылары бірнеше екіжақты кездесу өткізді.

Саммит қарсаңында Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин кездесті. Қос мемлекеттің басшылары өзара сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстардың аяқ алысы жайында пікір алмасты. Атап айтсақ, инфрақұрылым («Солтүстік – Оңтүстік» тасжолы) энергетика, өнеркәсіп саласындағы қарым-қатынастың басым бағыттары талқыланды. 

Әзербайжандағы Ресей мәдени күндерінің алғашқы қорытындысы да келіссөзге тиек болды. В. Путин Әзербайжан басшысына елде орыс тілді білім ошақтарының тұрақты жұмыс істеп тұрғаны үшін алғыс білдірді. Ал И. Әлиев арадағы тауар айналымы кейінгі екі жылда екі өскенін, өзара саудаға ұлттық валюталар қолданылып жатқанын жағымды үрдіс ретінде атап өтті.

Сондай-ақ, Ресей басшысы Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесу өткізді.

Моңғолия және Ресей басшыларының кездесуінде Еуропа мен Қытай арасындағы транзиттік жүк тасымалының әлеуеті мен проблемалары, Ұлан-Батыр қалалық теміржолының өткізу қабілетін ұлғайту, Ресейдің қиыр шығысы мен Қытай арасын Шығыс Моңғолияда салынатын жаңа теміржол арқылы жалғау, бірлескен ГЭС салу мәселелері сөз болды. 

Ал Шахбаз Шариф пен Владимир Путин кездесуінде Пәкістан-Ресей қарым-қатынасы іскерлік, достық сипатта дамып жатқаны айтылып, өзара сауда айналымын әрі қарай да арттырудың мүмкіндіктері талқыланды.