Путин: Түркия мен Ресей достас елдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей президенті Владимир Путин «Тікелей байланыс» барысында бірнеше елдермен арадағы қарым-қатынасқа сызат түскені жайлы сұрақтарға жауап бере отырып, Түркияны жау деп санамайтынын жеткізді, деп хабарлайды Би-би-си.

"Түркия елі мен халқын досымыз деп санаймыз. Кей саясаткерлермен арамызда келіспеушіліктер бар. Олардың қылықтарын ақылға қонымсыз деп санаймыз", - деді президент.

Түркияға қатысты тағы бір сауалға жауап берген ол елдің қазіргі билігі лаңкестікпен күреске баса мән бермей отырғанын айтты.

Путин елге қарсы кез-келген әрекеттерге жауап қайтару керектігін тілге тиек етті.

Ол Ресей жау қоршауында қалмайтынына сенімді. Путиннің сөзіне қарағанда, Ресей әлемнің көптеген елдерімен жақсы қарым-қатынасын сақтап отыр.

"БРИКС, ШЫҰ бар, көршілерімізбен татумыз", - деді ол.

Ресей мен Түркия арасындағы қатынас өткен жылы күзде түркиялық жойғыш ұшақ Сирияда ресейлік бомбалаушы ұшақты атып түсіруі салдарынан ушығып кетті.  Бомбалаушының ұшқыштары секіріп үлгерген. Алайда оның бірін жерден атып өлтірген.