Путинмен телефон арқылы сөйлесу еш нәтиже бермеді - Трамп
АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ресей-Украина қақтығысындағы атысты тоқтату бойынша «ешқандай ілгерілеушілікке қол жеткізбегенін» айтты, деп хабарлайды NBC News.
— Жоқ, бүгінгі сөйлесуде ешқандай ілгерілеу болған жоқ, - деді Дональд Трамп.
АҚШ президенті әңгіме нәтижесіне көңілі толмайтынын атап өтті.
— Біз телефон арқылы сөйлестік. Бұл өте ұзақ әңгіме болды. Біз көп нәрсе айттық, соның ішінде Иран туралы, Украинамен соғыс туралы да сөйлестік. Бірақ нәтижесіне көңілім толмады, - деді АҚШ президенті.
Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков екі ел басшыларының «ашық және мазмұнды» сөйлескенін және Трамп Ресей-Украина қақтығысында тез арада атысты тоқтату мүмкіндігін көтергенін, бірақ Путин келіспейтінін хабарлады.
Путин Ресей қақтығыстағы «өзіне қойылған мақсаттарға қол жеткізетінін» және қақтығысты келіссөздер арқылы саяси жолмен шешуге ұмтылуды жалғастыратынын айтты.
Бұған дейін Ыстанбұлда Ресей мен Украина келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған едік.