15:54, 22 Сәуір 2009
Пысықталған қаржы саясатын жүргізу және тиімді әлеуметтік жағдай құру жөніндегі Қоғамдық хартияның мәтіні таныстырылды
АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін елордалық Ұлттық баспасөз клубында Қазақ Мемлекеттік заң университетінің (ҚазМЗУ) ұйымдастыруымен «Студенттерді қолдау – еліміздің стратегиялық интеллектуалдық әлеуеті» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Кездесуде аталмыш оқу орнының пысықталған қаржы саясатын жүргізу және тиімді әлеуметтік жағдай құру жөніндегі Қоғамдық хартиясының мәтіні таныстырылды. Бұл құжат қазақстандық студенттердің мүддесін қорғау үшін әлеуметтік жауапкершілік, еркіндік, қоғамның, жеке бизнестің және мемлекеттің күш-жігерлерін біріктіру қағидаттарына негізделген.«Үлкен экономикалық қиындықтарға әкеп соққан валюталық дағдарыстың әсері еліміздің университеттеріне, академиялары мен институттарына да тиді. Біздің алдымызда жаңа экономикалық жағдайда бұрынғы бюджеттік мүмкіндіктермен оқудың сапасы мен тиімділігін арттыру мәселесі тұр. Осы жағдайдан шығу жолдарын іздеу аясында біз білім беру саласында Хартия қабылдауды жөн көрдік. Әрине, бұл толық нақтыланбаған құжат екені сөзсіз, оған белгілі бір өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін», - деді ҚазМЗУ президентінің кеңесшісі Марат Қоғамов.М.Қоғамовтың айтуынша, Хартияның негізгі мақсаты ? ағымдағы жылы еліміздің барлық жоғары оқу орындарына оқу ақысын көтеруден бас тартуды, қазақстандық студенттерге деген жеңілдіктерді көбейту және сақтауды қарастыру.