Qarakesek лақап атымен танымал әншіге үкім шықты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Омар Амантаев сотта өзіне тағылған айыпты мойындады. Ескірткі затын тауып алып, сақтағаны үшін 100 сағат қоғамдық тартылады. Сонымен бірге психиатрдан ем алуы тиіс.
Ақтөбе қалалық сотында Qarakesek лақап атымен танымал әнші Омар Амантаевтың ісі қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігімен айып тағылды.
— Бір дана полиэтилен пакеттегі психотропты зат мефедронды тауып алып, әрі қарай өткізу мақсатынсыз иемденіп, сақтаған. 2025 жылдың 30 тамызында Омар Амантаев есірткілік масаң күйде бола тұра көлік басқарып, ұсталды. Одан жалпы салмағы 0,26 гр болатын психотропты зат мефедрон табылды. 4 қыркүйек күні сараптама қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған ақ түсті заттың мефедрон екені анықталды. Қылмыстық кодекстің 296-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін айыпталып отыр, — деді судья Т. Саликов.
Сот отырысында әнші өзіне тағылған айыпты мойындап, есірткі затын бірнеше күн бұрын тауып алып, сақтағанын айтты.
— Кінәмді толық мойындаймын, айыппен келісемін. Сату мақсаты болмады. Емделу керек болып жүр. Өкінемін. Айыппұл жазасын сұраймын, — деді сотталушы.
Прокурор айыппұл тағайындауға ешқандай негіз жоқ деп санайтынын айтты. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындауды сұрады.
— Омар Амантаев Қылмыстық кодекстің 296-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалсын. Жергілікті атқарушы органға тегін пайдалы жұмыс түрін белгілеу жүктелсін. Қоғамдық жұмысқа тартылуын қадағалау пробациялық қызметке жүктелсін, — деді судья Т. Саликов.
Сонымен бірге Омар Амантаев психиатрдан ем алуы тиіс. Ем амбулаториялық әрі мәжбүрлі болуы керек. Әнші қоғамдық жұмыстан бас тартса 4 сағаты үшін 1 тәулікке қамаққа алынады.
Оның төрт бағасы бар. Үлкені 7-де болса, кішісі жасқа енді толады.
Омар Амантаев норкологиялық, психиатрлық есепте тұрмайды.
Еске салсақ, былтыр күзде Ақтөбеде ескірткіге мас күйінде көлік жүргізген рэп орындаушысы Qarakesek ұсталды. Ол 15 тәулікке қамалды және ол 7 жыл көлік жүргізе алмайды. Сонымен қатар есірткі құралдарын заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.