Qarmet компаниясының диспетчерлік-талдау орталығы Бұқар жырау даңғылы, 16 мекенжайындағы ғимаратта орналасқан. Орталық 2024 жылғы шілдеде іске қосылған. Қазір мұнда 15 маман – бес аға диспетчер мен еңбек қауіпсіздігі бойынша он диспетчер қызмет атқарады.
Бұл – Өндіру басқармасының сегіз жерасты және төрт жерүсті кәсіпорнынан түсетін ақпарат бір жерге тоғысатын орталық. Оның құрамында Костенко, Күзембаев атындағы шахталар, «Саран», «Абай», «Қазақстан», Ленин атындағы, «Тентек» және «Шахтинск» шахталары бар.
Qarmet АҚ Көмір департаменті Өндіру басқармасының техникалық директоры Сергей Шуберский диспетчерлік-талдау орталығын өндірістік жүйенің «жүрегі» деп атайды.
– Диспетчерлік-талдау орталығы – біздің кәсіпорнымыздың жүрегі. Осы жерден Өндіру басқармасының құрамындағы барлық кәсіпорынның жұмысы үйлестіріледі. Диспетчер осында отырып, сегіз шахтадағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Ал мамандар қызметкерлердің орналасқан жерін және шахталардағы газ жағдайын қадағалайды, – деді Сергей Шуберский.
Орталықтағы жұмыс үздіксіз бақылаудан басталады. Мониторларда жерасты және жерүсті нысандарындағы бейнебақылау жүйелерінің деректері, басты желдеткіштердің жұмысы, арнайы техниканың қозғалысы, өндірістік көрсеткіштер және басқа да маңызды параметрлер көрсетіледі.
Мұнда бақылауда тұрған жүйелердің ішінде қызметкерлердің орналасқан жерін анықтайтын жүйенің маңызы ерекше. Ол шахтаға түскен әрбір жұмысшының дәл сол сәтте қай жерде жүргенін нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді.
Оператор жер астында қанша адам бар екенін ғана емес, тау-кен қазбаларының сызбасынан әр қызметкердің нақты орнын да көре алады. Қажетті белгіні таңдағанда жүйе жұмысшының тегі мен аты-жөнін, табельдік нөмірін, атқаратын қызметін, өзіне бекітілген құралдарын және орналасқан жерін көрсетеді. Орналасқан жерді анықтау дәлдігі шамамен 10 метрді құрайды.
– Біз жерасты қазбаларындағы барлық адамның орналасқан жерін, сондай-ақ адамдар мен жүктерді тасымалдайтын жылжымалы құрамды – электровоздар мен монорельсті локомотивтерді көріп отырамыз. Мысалы, қызметкер белгілі бір нүктеге барса, диспетчер оның нақты қай жерде тұрғанын, өзіне бекітілген шам мен тасымалды газ талдағышының орналасуын бірден көре алады, – деп түсіндірді техникалық директор.
Жүйенің мүмкіндігі тек бақылаумен шектелмейді. Ол төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге де мүмкіндік береді. Жүйе жерасты радиобайланысымен, авариялық хабарлау және қызметкерлерді іздеу құралдарымен жабдықталған.
Қажет болған жағдайда жұмысшының пейджеріне шұғыл хабарлама жіберіледі. Ал қызметкердің өзі қауіп төнген жағдайда арнайы батырма арқылы SOS белгісін бере алады. Бұл кезде диспетчер оның орналасқан жері туралы ақпаратты бірден алып, сол жерге авариялық бригаданы бағыттайды.
Бақылаудың тағы бір маңызды бағыты – шахтадағы газ жағдайы. Диспетчер экранынан тау-кен қазбалары, желдету ағындары, кенжарлар және газдан қорғау жүйесінің көрсеткіштері белгіленген шахта сызбасын көруге болады. Жүйе нақты уақыт режимінде метанның мөлшерін, ауа қозғалысының жылдамдығын және басқа да көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді.
Экрандардың бірінде жұмыс істеп тұрған лава көрсетіледі. Қалыпты жағдайда барлық көрсеткіш рұқсат етілген шектерде болады. Ал газ концентрациясы немесе желдету параметрлері белгіленген межеден асып кетсе, жүйе ауытқуды автоматты түрде тіркеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған алгоритмді іске қосады.
Орталық мамандары өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын да бақылауда ұстайды. Мысалы, жүйе адамдарды тасымалдауға арналмаған таспалы конвейерде адамның жүруге әрекет жасағанын анықтай алады. Мұндай жағдай тіркелсе, конвейер автоматты түрде тоқтатылып, диспетчерге тиісті қызметкер туралы ақпарат беріледі.
– Бұл жүйенің басты міндеті – жер астындағы адамдардың орналасқан жерін нақты бақылау. Апат болған жағдайда олардың қайда екенін, қай бағытқа эвакуациялау керектігін және авариялық-құтқару бригадасы қай жерде жұмыс істеуі тиіс екенін анық білу маңызды. Жүйе қажетті ақпаратты нақты уақыт режимінде алуға және жағдайдың өзгеруіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді, – деді Сергей Шуберский.
Qarmet шахталарында қызметкерлердің орналасқан жерін анықтау жүйесі шамамен бір жарым жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақыт ішінде цифрлық бақылау диспетчерлік қызметтердің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналған.
Экрандардағы сандар мен шартты белгілер сырт көзге жай ғана ақпарат сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олардың әрқайсысының артында дәл сол сәтте жер астында жүрген нақты адам тұр.
Сондықтан диспетчерлік-талдау орталығын ондаған монитор орнатылған бөлме деп қана қабылдау қиын. Бұл – шахталарда болып жатқан жағдай туралы ақпарат жедел шешімге айналатын, ал деректі дер кезінде алу өндірістегі қауіпсіздіктің маңызды тетігі саналатын орын.