Qarmet-ті жаңғыртуға 3,5 млрд доллар инвестиция тартылады – Үкімет отырысы

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Олжас Сапарбеков Үкімет отырысында Qarmet кәсіпорынын жаңғыртуға 3,5 млрд доллар инвестиция тартылатынын айтты.

- Qarmet кәсіпорынын жаңғыртуға 3,5 млрд доллар көлемінде инвестиция құю көзделген. Бұл жоба болат өндірісін 5 млн тоннаға ұлғайтып, көмір химиясын дамытуға және 2028 жылға қарай зиянды шығарындыларды 20 %-ға азайтуға мүмкіндік береді. Шығарылатын өнімнің түрін кеңейту және сапасын арттыру үшін отандық өндірушілермен кооперациялық ынтымақтастық дамып келеді. Qarmet мырыш болатынан автобус корпусының қаптамалары мен ыстық прокаттан рама тораптары жасалып жатыр. Суық прокаттан тұрмыстық техника корпустары шығарылып жатыр, - деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, биыл Qarmet болаттың тегіс прокатынан әртүрлі диаметрдегі тік тігісті құбырлар өндірісін іске қоспақшы.

- «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту кешені» базасындағы ыстықтай брикеттелген темір өндіру жобасы домна өндіріс процесін алмастырып, темір үлесі 90%-дан асатын өнімалуға мүмкіндік береді, - деді Олжас Сапарбеков.

Еске салсақ, полиция Qarmet кәсіпорнындағы 1 млрд теңгенің ұрлығын әшкерелегенін жазған едік.