Qatar Airways Иран, Ирак және Ливанға әуе рейстерін тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM – Qatar Airways әуе компаниясы Иран, Ирак және Ливанға ұшуды уақытша тоқтатқанын, сондай-ақ Иорданияға әуе рейсін шектеу туралы жариялады. Бұл шешім аймақтағы шиеленістің күшеюі және Израильдің Иранға соққы беруі мүмкін деген болжамдарға байланысты қабылданған.«Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайға байланысты Qatar Airways Иран, Ирак және Ливанға және кері бағыттағы ұшуларды келесі хабарламаға дейін уақытша тоқтатты», — делінген мәлімдемеде.

Фото: Qatar Airways

Әуе компаниясы Иорданияға рейстерді жалғастыратынын, бірақ олар тек күндізгі уақытпен шектелетінін хабарлады. 
Компания жолаушылардың қауіпсіздігін басты басымдық деп атап, жағдайды мұқият қадағалап отырғанын және қажет болған жағдайда қосымша ақпарат беретінін айтты.
Жақында Lufthansa Group неміс ұлттық әуе компаниясы Тегеран мен Бейрутке рейстерді 2025 жылдың басына дейін тоқтату туралы шешім қабылдаған еді. Бұл Таяу Шығыстағы қақтығыстың кеңею қаупіне байланысты болды.
Lufthansa Group құрамына кіретін SWISS және Austrian Airlines әуе компаниялары Тегеранға рейстерді 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін, ал Бейрутке – 2025 жылдың 28 ақпанына дейін тоқтататынын хабарлады. Осы аптада Lufthansa Тель-Авивке рейстерді 10 қарашаға дейін тоқтататынын мәлімдеді.
Бұған дейін Ливандағы қақтығыс салдарынан көшірілген адамдарға ай сайын 250 миллион доллар қажет екені хабарланған болатын.