Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан қоржынына қос қола медаль түсті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Данияр Шамшаев пен Асқар Нарқұлов Астанада өтіп жатқан Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Д. Шамшаев 73 келіге дейінгі салмақта отандасы Жансай Смағұловпен татамиге шықты.

21 жастағы Данияр Азия чемпионы болса, жасы отыздан асып кеткен Жансайдың атақ-дәрежесі бір басына жетерлік.

Белдесу барысында вазари әдісімен алға шыққан Д. Шамшаев сол басымдылықты уысынан шығарған жоқ.

Тағы бір қазақстандық, 23 жастағы Асқар Нарқұлов дәл осы салмақта қола жүлде үшін бәсекеде өзінен екі жасқа кіші грузиялық Джорджи Терашвилимен күресті. Бұл жекпе-жекте қателікке жол берген грузиялық спортшы жарыстан шеттетіліп, жеңіс А. Нарқұловқа берілді.


Сөйтіп, Д.Шамшаев пен Д.Нарқұлов Grand Slam додасында алғаш рет жүлдегер атанып отыр.

Осылайша, екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мағжан Шамшадиннің Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Ал, Ғұсман Қырғызбаев Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды.

Сондай-ақ, үш қазақстандық Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінің «қоласына» таласатыны хабарланды.