Qazaq Air-ді сату рәсімі неге аяқталмай жатқаны белгілі болды

Фото: Photo credit: facebook.com/QazaqAir

АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» АҚ даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан вьетнамдық компанияның Qazaq Air-ді сатып алу рәсімі қашан аяқталатынын нақтылады.

«Мамыр айында вьетнамдық SOVICO компаниясымен тиісті құжатқа қол қойдық. Қазір кезде инвестормен бірлесе транзакционды құжаттарды пысықтап жатырмыз. Осы рәсімдерді қыркүйек айына дейін аяқтауға үлгермедік, бірақ жыл соңына дейін толық рәсімдейміз деген үміт бар. Аталған шетелдік инвестормен тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы, мамырда айтылған уағдаластық өзгерген жоқ», - деді С. Сәтжан Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазір аталған әуе компаниясын сату рәсіміне тиісті уақыт керек.

«Біздің мендетіміз – компанияны жақсы стратегиялық инвесторға сату. SOVICO құрамында VietJet Air аты лоукостер компания бар. Сондықтан келісімшартты тиімді аяқтау үшін біршама уақыт керек. Олар Qazaq Air-дің қарызын жабуға қарсы емес», - деді Самұрық-Қазына» өкілі.

Бұған дейін ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Qazaq Air-ді сату рәсімі қыркүйек айында аяқталатынын айтқан еді. 

Еске сала кетсек, былтыр Қазақстан Вьетнамның VietJet Air әуе компаниясымен меморандум жасаған еді.