Qazaq Air жолаушылары Қызылордадан Астанаға жете алмай отыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 26 қазан күні Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата халықаралық әуежайынан түнгі сағат 22.30-да ұшуы керек болған Qazaq Air әуе компаниясының жолаушылары осы уақытқа дейін діттеген жеріне жете алмай сандалып жүр. Қызылорда-Астана рейсінің ашуға булыққан жолаушылары Kazinform тілшісіне шағымданды.
Солардың бірі – Самал Қаңылбаева. Кейіпкеріміздің айтуынша, ұшақтың көкке көтерілуі бірнеше рет кейінге қалдырылған.
– Біресе сағат 22.30-дан 27 қазанға қараған түнгі сағат 1.30-ға, біресе 3.00-ге, одан кейін 4.15-ке ауыстырылды. Компания өкілдері енді келіп 27 қазан күні кешке 20.15-те ұшатынымызды айтты. Бізді таң алдында сағат 5-те ғана қонақүйге орналастырды. Содан бері түскі ас та берген жоқ. Qazaq Air-ден ең болмаса ешкім байланысқа шықпады, - деді ол.
Ал Гүлбану Үсенқызы Қызылордға қыдырып келіп, енді отбасына жете алмай жүр.
– Бала-шағам Астанада еді, қауышқанша асығып отырмын. Бірақ бұлай боларын білмедік. Ешкім ештеңе түсіндіруге асықпайды. Қаншама адам қиналып қалды, - дейді жолаушы.
Өзін Ардақ Базарбаев деп таныстырған әуе компаниясының Қызылордадағы ресми өкілі әуежайда жолаушыларға Астанадан бері қарай шыққан ұшақ техникалық ақауға байланысты кейін қайтуға мәжбүр болғанын жеткізген. Ресейдің Новосибирьск өлкесінен басқа әуе көлігін алдырмақ болған екен, бірақ ол да ұшуға жарамсыз күйге түсіпті. Әуе компаниясының ресми өкілімен біз де хабарласып көрдік.
– Кеше жолаушыларға хабарлағанымдай, техникалық ақауларға байланысты кешігіп жатқаннан басқа ешқандай ақпарат айта алмаймын, - деді Ардақ Базарбаев.
Жолаушылар қазір Қызылорда қаласындағы қонақүйлердің бірінде. Ұшақ елордаға қарай 70-ке жуық жолаушыны тасымалдақ болған. Бірі оқуына, бірі жұмысына жете алмай жолда бөгелген олар компания басшылығының өздеріне дұрыстап көңіл бөлмегеніне, жағдайды жіті түсіндірмегеніне қапалы. Олар Қызылорда станциясындағы көліктегі полиция бөліміне де шағым түсірді.
Qazaq Air әуе компаниясының баспасөз қызметіне хабарласқанымызда бұл мәселеге орай кешірек мәлімдеме жасайтынын атап өтті.
Еске салсақ, кейінгі уақытта жеңіл ұшақтардың қатысуымен болған авиациялық апаттардың жиілеуіне байланысты 25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жүргізілген еді.