Qazaq Tili Endowment құрылымында Counsel институтын құру қажет — Дулат Тастекей

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Qazaq Tili Endowment құрылымында Counsel институтын құру қажет. Мұндай ұсынысты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жылдық қорытынды құрылтайында аталған қоғамның вице-президенті Дулат Тастекей жасады.

— Биыл стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдадық. Qazaq Tili Endowment қоры Астана халықаралық қаржы орталығының — АХҚО-ның юрисдикциясында қайта тіркелді. Бұл шешімнің маңыздылығы біріншіден, АХҚО ағылшын құқығына негізделеді және халықаралық стандарттармен жұмыс істейді. Мұндай құқықтық орта — эндаумент сияқты ұзақ мерзімді капиталды қорғау, өсіру және ашық басқару үшін ең сенімді алаң. Біз осы арқылы қордың болашақтағы тұрақтылығын қамтамасыз еттік. Екіншіден, АХҚО-да тіркелген қор — жеке, дербес заңды тұлға ретінде нақты басқару құрылымына ие. Бұл құрылым Guardians, Council сияқты институттар арқылы жүйелі, ашық және кәсіби басқаруды қамтамасыз етеді. Үшіншіден, қазіргі таңда Қазақстан аумағында жұмыс істеп тұрған бұрынғы эндаумент қордағы барлық қаражат міндетті шарттар мерзімі аяқталған соң АХҚО-дағы қорға толық аударылады. Осылайша біз бүкіл капиталды бір орталықта жинақтап, оны ұзақ мерзімді стратегияға сай басқара аламыз, — деді «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті.

Осы орайда ол құрылтай қатысушыларының назарын халықаралық тәжірибеде және АХҚО юрисдикциясында эндаумент қорларының қызметінде маңызды рөл атқаратын институттың бірі — Counsel, яғни, қордың құқықтық және құрылымдық кеңесшісі болатынына назар аудартты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Оның пайымынша, мұндай функцияның болуы мынадай себептерге байланысты өте қажет:

— барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету;
— құжат айналымын, инвестициялық келісімдерді және басқару актілерін халықаралық стандарттарға сай жүргізу;
— Guardians Board, Council және Founder арасындағы құқықтық үйлесімділікті қамтамасыз ету;
— АХҚО талаптарына сай корпоративтік басқаруды толыққанды енгізу.

— Сондықтан эндаумент қорының құрылымында ресми түрде Counsel институтын құру және оның міндеттерін нақты бекіту қажет. Бұл қадам қорымыздың басқару сапасын күшейтеді, жауапкершілікті арттырады және инвесторлар мен донорлар үшін ашықтықты қамтамасыз етеді. Эндаумент — бұл бүгінгі емес, болашақ ұрпақ үшін жасалған қаржылық негіз. Біз АХҚО-ға көшу арқылы дұрыс қадам жасадық. Енді осы жүйені толыққанды, заманауи деңгейге жеткізу үшін Counsel институтын енгізу — келесі логикалық және қажетті қадам, — деді Дулат Тастекей.

Бұған дейін елордада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жылдық қорытынды құрылтайы өткенін, Qazaq Tili Endowment қорына 700 миллион теңгеден аса қаражат жиналғанын жазған едік.