«QazaqGaz Aimaq» 30 мыңнан астам абоненттен негізсіз ақы алған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда филиалының 2021-2023 жылдары тұтынушылардан заңсыз төлем алғанын анықтады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, газға бастапқы қосылу, жабдықтарға қосу және есепке алу құрылғыларын пломбалау қызметтері үшін 30 мыңнан астам абоненттен шамамен 196 млн теңге негізсіз ақы алынған.
- Аталған әрекеттер Табиғи монополиялар туралы заңның 26-бабының 2-тармағына қайшы. Заңбұзушылықты жою және тұтынушыларға қаражатты қайтару үшін департамент Қызылорда облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментіне ұсыныс жолдады. Филиал ұйғарыммен келіспей, сотқа талап арыз түсіргенімен сот шешімі бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің ұйғарымы заңды деп танылды, - делінген хабарламада.
Заңсыз алынған қаражатты тұтынушыларға қайтару бағытында нақты шаралар қабылданады. Сонымен қатар Қызылорда қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен компания филиалына 19,3 млн теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көтерме және бөлшек сауда нарығына жүргізген талдау нәтижесінде әуе отыны құнының негізсіз өсу фактілерін анықтаған болатын.