QazNews24 сатиралық паблигінің авторына 5 жыл бас бостандығын шектеу үкімі кесілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек бес жылға бас бостандығын шектеу үкімі шықты. Бұл туралы Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты мәлім етті.
— Сот паблик әкімшісін кінәлі деп таныды. Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында әлеуметтік желі арқылы ұлттық араздықты қоздырды деп айыпталған Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс қаралды, — деп хабарлады соттан.
Айыпталуышының Instagram парақшасында 34 мыңнан астам оқырманы бар. Ол басқа ұлт өкілдерінің ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында қорлауға бағытталған, дөрекі, балағат сөздермен жазылған мәтіні бар музыкалық композициямен бірге пост жариялаған. Сот паблик авторының мұндай әрекеттерін Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттарының бірі болып табылатын ұлтаралық келісім мен халық бірлігін бұзуға бағытталған контент деп таныған.
— Сотталушының кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде сот-психологиялық және филологиялық сараптама қорытындысымен, жауап алу хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді, — делінген хабарламада.
Наурызбай аудандық сотының мәліметінше, айыпталушы Темірлан Еңсебек өз кінәсін мойындамаған.
— Сот отырысының қорытындысы бойынша, қылмыстық іс материалдарын зерттеп, тараптардың сот жарыссөздерінде айтқан ұстанымдарын ескере отырып, сот сотталушыны аталған әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп таныды, — деп хабарлады соттан.
Сот шешімімен, айыпталушы белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан шектелді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде терроризмді насихаттаған Абай облысының тұрғыны ұсталғанын жазған болатынбыз.