«Qoja Ahmet Yasaui» ордені күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — «Qoja Ahmet Yasaui» ордені күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

— Бүгінгі жиында өздеріңізге тағы да атап өткім келеді. Мен биыл ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті заң қабылданды. Арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады. Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым. Осылайша біз түркі руханиятының темірқазығы Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Түркістан көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһарға айналғанын айтты.

— Аймақтық экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті. Оның көлемі 10 млрд доллардан асты. Аймаққа 3,5 млрд доллар инвестиция тартылды, — деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Тәуелсіздік сарайында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды «Qoja Ahmet Yasaui» орденімен марапаттау рәсімі өтті.