Р.Әлиев пен оның сыбайластары елімізден жымқырған қаржыны енді өзімізге қарсы пайдаланып отыр ? Мәжіліс депутаты

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Рахат Әлиев пен оның сыбайластары елімізден жымқырып, сыртқа шығарып үлгерген қаржыларын енді Қазақстанға қарсы пайдалануда. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қайрат Сәдуақасов осылай айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біз еліміздегі кейбір шенеуніктердің жоғары лауазымды қызметтерді атқарып, сол қызметте жүрген кезінде жасаған қылмыстық әрекеттері әшкереленген сәтте шет елге қашуының сан мәрте куәсі болып жүрміз. Бүгінде елде жемқорлармен қарқынды күрес жүргізіліп жатыр. Ал әлгі елімізден қашып шет мемлекеттерді паналаған азаматтарымыздың өздерін демократия жолындағы күрескер етіп көрсету әрекеттері әдетке айналды. Егер өздерін демократияның және адам құқықтары мен бостандықтарының эталонымыз деп есептейтін Еуропа елдері қылмыскерлер мен халқын сатқандарға қолдау көрсетсе, онда олардың бұл мәселеде өзіндік мүдделері бар болғаны. Р.Әлиев сияқтылардың неден үміттенетіні түсініксіз. Олар - өз Отанында аса ауыр қылмыс жасағандары үшін сотталғандар. Оларға біреулер тек өз мүддесіне пайдалану үшін ғана қолдау көрсетуі мүмкін», - деді депутат. Қ. Сәдуақасовтың сөзіне қарағанда, демократиялық мемлекеттердің де өзіндік мүдделері бар. Ал Р.Әлиев сияқты қылмыскерлерді ақтап алу және оларды нағыз демократия жолындағы күрескер ретінде көрсетуге тырысу қалың көпшілікке мазақ болумен тең. «Елін сатқан, әділ жазадан қашып шетелді жағалағандар ешкімге де үлгі бола алмайды. Олар тек өздерінің қара басының қамы үшін ғана өмір сүреді. Мен құқық қорғау органдарының басшыларына және еліміздің Сыртқы істер министрлігіне заң аясындағы барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, қылмыскерлерді елге қайтару қажеттігін айтқым келеді. Олар тиісті жазаларын алулары керек. Бұл халқымыздың мемлекетке, заңға және әділеттілікке деген сенімін нығайту үшін қажет», - деді депутат.