Елден бұқашықтарды шығару 6 айға шектелді

Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан аумағынан сәуір айының аяғына дейін бұқашықтарды шығаруға тыйым салынды. Тиісті бұйрық 5 қарашада күшіне енді.

Сыртқы сауда қызметі және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) 2025 жылғы 8 қазандағы отырысында Қазақстан Республикасы бұқашықтарды (ІҚМ) әкетуге тыйым салу шарасын қажет болған жағдайда ВАК-қа шығармай, одан әрі автоматты түрде ұзарту мүмкіндігімен алты ай мерзімге ұзарту мақұлданды. 

Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 4 қарашадағы № 416 «Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығы қабылданды.

— Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара малдың бұқашықтарын әкетуге 2026 жылғы 30 сәуірді қоса алғандағы мерзімге тыйым салу енгізілсін, - делінген құжатта.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын қосымша жүктеу мақсатында уақытша тыйым салынды. Бұйрық 2025 жылғы 5 қарашадан бастап күшіне енді.

Қазақстаннан ірі қара мал етін экспорттау уақытша шектелетінін жазған болатынбыз.

2030 жылы елдегі ірі қара мал саны 12 млн-ға жеткізіледі.