Есірткі таратумен айналысқан алматылықтар елордада ұсталды

Фото: ІІМ

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы мен Астана қалаларына аса кең көлемде есірткі жеткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды.

Алматы полициясы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері Астана қаласына аттанып, қылмыстық схема бойынша негізгі екі күдіктіні құрықтаған.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілердің жалдамалы пәтерін тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған сөмке табылған. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ол жалпы салмағы шамамен 9 келі болатын гашиш екені анықталды.

— Екі күдікті де Алматы қаласындағы уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір жеткізу арналары мен заңға қайшы әрекеттердің басқа да мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте аса ірі көлемде есірткі тасымалдаған алматылық тұрғын ұсталды.