Рабиға Есімжанова туралы бір үзік сыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иә, қандай ән болмасын, әншінің орындауында бағы жанып, тыңдаушысын табатыны сөзсіз. Ондайда әр әнді бабына келтіріп орындап, халқының не айтқысы келетінін, мұңы мен қуанышын жеткізу әнші шеберлігіне байланысты.

Қордаланып жатқан ән қазынасын қайта жаңғыртып, өзіне қайтару мақсатында алғашқылардың бірі боп тер төгіп, осы бір бейнеті мен зейнеті қатар жүретін киелі өнерді қадірлей білген майдақоңыр мақпал үнді әншілердің бірі - Рабиға Есімжанова.

Рабиға Есімжанқызы 1914 жылы қазақтың кең даласы Сарыарқаның төрінде, қазіргі Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Өнер жолын Семей облыстық музыка драма театрында драма артисі ретінде бастаған. Кейін Алматы, Қарағанды қалаларындағы театр труппасында қызмет етіп, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңліктің, «Айман-Шолпанында» Айманның, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Жібектің рольдерін шеберлікпен сомдап халықтың шексіз ризашылығына ие болған. 1946-1960 жылдар аралығында Рабиға Есімжанова Қазақ радиосының әншісі болды. 1960 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі ретінде халыққа қызмет етті. Халқымыздың сүйікті қызы, бұлбұл әнші Рабиға Есімжанованың ән бағдарламасында негізінен халық әндері «Әупілдек», «Әпитөк», «Сәулем-ай», «Құдаша», Сегіз Серінің әні «Гауһартас», Біржанның әндері «Жалғыз арша», «Жонып алды», «Ләйлім шырақ», Ақансерінің әні «Маңмаңгер» және Шәмші Қалдаяқовтың әндері болды. Рабиға Есімжанова еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ол және «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атақтарының және «Құрмет белгісі» орденінің иегері.

Біздің бала кезден әнін тыңдап еліктейтін де әншіміз осы кісі. Құлаққа жағымды қоңыр үнімен халық әнін тамылжыта орындаған Рабиға Есімжанова өз кезінде әуе толқынынан жиі насихатталып, көпшіліктің сүйікті әншісіне айналды.

Атадан балаға мирас болып қалған ән өнерін жалғастырған Рабиға атасы Бабақ, оның балалары Есімжан, Қосымжан, Сейітжандар салған халық әндерінен бастау алған. Әсіресе анасы Тәйкеннің әлдиімен бойына сіңген ән ырғақтары Рабиғаны әркез мазалап өнер айдынына ұмтылуына, кейін үлкен арман жолына сапар шегуіне себепші болды. Ең алғаш Алматыға келіп Әмірені іздеуі - оны үлкен өнер ошағына алып келді. Бұл жерде қазақ өнерінің іргетасын қалаушылар: Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов сынды саңлақтармен танысып, Рабиға Қорғалжыннан алып келген әндерін тыңдатады. Сол кезде ағалар қауымы жас талапкерді қанаттандырып, салған әніне жақсы баға беріп, «Арион» клубына әншілік жұмысқа қабылдайды.

Осы жолы Рабиға халқымыздың жарық жұлдызының бірі Күләш апамызбен апамызбен танысып, ол кісінің ерекше қамқорлығында болады. Алыстан өнер іздеп келген жас қызға туған апасындай іш тартып, үш жылдай үйіне тұрғызып, білмегенін үйретіп, сахнаға тәрбиелеген Күләш апасын Рабиға үнемі есіне алып, сол кездегі жақсылардың жүрек жылуын, жақсылықтарын әр кез жыр ғып айтып отырушы еді, талай рет газет беттеріне естеліктер де жазғаны бар.

Қазақ өнерінің іргетасын қалап, халық арасынан шыққан дарындарды тани білген қайраткерлердің ішінде ол кезде әйел адамдар өте сирек кездесетін.

Жұмат Шаниннің Рабиғаны Еңліктің роліне шақыруының себебі де әйел даусының жоқтығынан еді. Сол Еңліктің ролі арқылы Рабиға халқына танымал болып, үлкен өнерге жолы ашылған-ды.

Рабиға өз өнерін одан әрі Семей облыстық театрында шыңдай түседі. Ол «Айман-Шолпан» спектаклінде Айманның, «Қыз Жібекте» Жібектің, «Қозы Көрпеш -Баян Сұлуда» Баянның рольдерін ойнайды. Содан екі жылдан соң Алматыға қайтып келіп, опера театрына орналасады.

Рабиға Есімжанованың өткен өмір іздері, өнердегі орны, орындаушылық шеберлігі жайлы халқымыздың белгілі композиторы Кенжебек Күмісбеков көзі тірісінде былайша сыр шерткен еді:

«Рабиға маған туыс болып келеді. Бір елдің адамымыз. Мен Рабиға апаға еліктеп әнші болуды армандағанмын. Бұл кісі Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан еді. Атақты Бабақтың балалары Қосымжан, Есімжан, Досымжан, Сейітжан, Есімжаннан Рабиға. Сондай-ақ Бабақтың Гүлжәмила, Бижан, Бағира, Қанипа деген қыздары да өнерлі болыпты. Рабиға - Есімжанның тұңғыш қызы. Міне, бұл кісілер қазақ әнінің эталоны десе де болғандай. Кезінде Қосымжан Бабақовқа Ахмет Жұбанов «қазақ әнінің энциклопедиясы» деп бекер айтпаған. Өйткені Қосымжанның ән салуында Ақан сері мен Біржан салдың, Жаяу Мұса мен Үкілі Ыбырайдың ән орындаушылық шеберлігі бар. Сол кісіден тәлім-тәрбие алған Рабиға апай да әншілердің үздігі еді-ау! Оның мақпал дауысы жүрекке жылы тиетін, тыңдағанда жүрекке жылы тиетін, әдеміліктің, сұлулықтың нышанындай еді. Әрине, бұрын қазақ әйелдің жуан дауысын, ер адамның жіңішке дауысын ұнатқан.

Біздің Рахия Қойшыбаева, Жамал Омаровалар қазақ мәдениетінің бастапқы даму кезеңінде өнерімен ел есінде қалған тума дарын иелері.

Рабиғаның әні қандай болса, кісілігі де ерекше еді. Бір көргеннен баурап алатындай мінезі бар еді, ақылымен, адамгершілік қасиетімен, бауырмалдығымен жақын еді. Өнер де тақыр жерге бітпейді демекші, әлі күнге дейін үлкен рухқа ие құдіретті өнер келер ғасырларға жаңғырып жете бермек!» деп ойын аяқтаған болатын.

Әрине, бала кезден Рабиға апайдың әнін тыңдап, «сол кісідей әнші болсам» деп армандаған Кенжебек Күмісбеков композиторлардың ішіндегі халықтық үнмен астасқан тамаша шығармалардың авторы. Сазды әуендерімен көпшілік жүрегіне жол тауып, тыңдаушысының ыстық ықыласына бөленген дара тұлға.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, өзінің мөлдір де таза өнерімен маңайына шапағатын шашқан Рабиғадан үйреніп, сол кісіге еліктеп өнерге талпынған талапкерлеріміз де баршылық. Бұл жайлы Рабиға Есімжанованың біздің алтын қорымызда сақталған бір үзік сырын біле отырсақ:

«...Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, бүгінгі атышулы әншілердің біразын өзіме шәкірт санаймын. Асқақ әншілер Бибігүл Төлегенова, Мәдениет Ешекеев қазіргі орындап жүрген әндерінің біразын менен үйренген. Қажыбек Бекбосынов, Биғайша Іңкәрбекова, Бақыт Әшімова, Ақжігіт Дәрібаевалар қазақ әнін көп сұрап, көп үйреніп жүреді. Оларға мен сондай ықыласыммен үйретем. Өйткені қазақ әні халыққа жету керек. Кейінгі ұрпаққа қалу керек. Өйткені ән қазынамыз баршамызға ортақ. Оның үстіне сонау ұлағатты жандардан алған үлгі-өнегені соңғы ұрпаққа жеткізсем, менің азаматтық, әншілік парызымның өтелгені», - деп еді.

Өткенді еске алу - бәріміздің борышымыз. Бүгінсіз ертең жоқ. Өткенге барлай қарасаң, көп алдына шығып, халық әндерін насихаттап, қазақ қыздарының өнеріне жол ашқан әнші апаларымыздың кейінгі ұрпаққа ән өнерінде үлгі тұтатын, мақтан ететін алтын қазығы екенініне еш дау жоқ.

Рабиғаның өнер жолында шыңдалуына үлкен септігін тигізген кезі Радиокомитетте әнші болғандағы уақыты. Күнделікті тікелей әуе толқынына шығып ән салып, тәжірибе жинақтаған оның ойына мықтап түйгені «айқайлағанның бәрі әнші емес, бақырғанның бәрі ән емес» деген ой еді. Қазақ әнінің қаймағын бұзбай тамылжыта орындаған Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рабиға Есімжанова халқының әсем әндерін насихаттап, халық өнерін келешекке жеткізуші хас шебер еді.

Алтын Иманбаева

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты