Радикалдар «Париж оқиғасы» негізінде Мәскеу мен Қазақстанда лаңкестік жасауды жоспарлаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұсталған террористік топтың мүшелері «Париж оқиғасы» негізінде Мәскеу мен Қазақстанда лаңкестік жасауды жоспарлаған. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Тағы бір лаңкестік топ шетелдегі террористердің тапсырмасы бойынша 2015 жылдың қарашасында орын алған «Париж оқиғасы» негізінде Мәскеуде және Қазақстан аумағында лаңкестіктің ауқымды актісін жасауға ниеттенген», - делінген хабарламада.

Ведомство ақпаратына қарағанда, ақпан айында аталған топтың 5 адамы Астанада ұсталып, лаңкестік іс-қимылға қатысқандығы үшін сотталған. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей және Тәжікстан азаматтары бар.

«Орталық Азия елдерінің 4 азаматынан жасақталған келесі ұяшықтың қызметіне Мәскеуде ресейлік әріптестер тосқауыл қойды. Қылмыскерлердің Жеңіс күнін мерекелеу уақытында, Мәскеуде лаңкестік жасауды жоспарлағаны анықталды», - деп атап өткен ҚР ҰҚК баспасөз қызметінен.

Комитет мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың басынан бері 4 тұлғаның және 8 радикалды топтың заңға қайшы іс-әрекетіне тосқауыл қойылған. Көзі жойылған топтардың бір бөлігі халықаралық лаңкестік ұйымдардың содырларының тікелей басшылығымен және нұсқауымен әрекет еткен.