Радиоәуесқойдан жеке компанияға дейін: Балқаштық байланысшы өз кәсібінің қызық қырларын айтып берді
АСТАНА. KAZINFORM – Байланыс саласында отыз жылдық тәжірибесі бар Николай Сафиюлин — радиоқабылдағыш жинаудан жеке компания ашуға дейінгі жолды жүріп өткен кәсіби маман. Kazinform тілшісіне ол мансап жолындағы қиындықтары мен қуанышты сәттері туралы әңгімелеп берді.
Балқаш қаласының тумасы 70-ші жылдары журналдағы бір мақаланы көріп, бұл мамандыққа бірден ынтық болғанын айтады. Әскерде байланысшы болып қызмет етіп, кейін институтты бітіргеннен кейін, 1993 жылдан бастап байланыс саласында жұмыс істей бастайды.
2008 жылы ол желілерді нөлден бастап құруды қолға алады. Бүгінде бұл желілер 15-тен астам елді мекенді қамтиды. Николай — «Балқаш электронды қаласы» компаниясының директоры, «Балқаш-FM» радиостанциясының және «Бірінші Балқаш телеарнасының» негізін қалаушы, сондай-ақ балалар рок-тобының демеушісі. Бірақ оның басты мақсаты — тек туған Балқаш қаласында ғана емес, шалғай ауылдарда да сапалы интернет байланысын қамтамасыз ету.
— Николай Борисович, байланысшы мамандығына қалай келдіңіз? Не себеп болды ?
— Бірінші немесе екінші сыныпта жүргенде қолыма «Радио» журналы түсті, онда жас радиосүйгіш қауымға арналған бөлім болатын. Әсіресе бір жігіттің бір ғана лампамен радиостанция құрастырып, Еуропа және Америкамен байланысқа шыққаны туралы мақала мені таңғалдырды. Мұндайдың мүмкін екенін көріп, өзім де сынап көргім келді. Ол кезде ереже қатаң еді, радиобелгі (радиостанцияға өзін білдіру үшін берілетін белгі) 16 жастан берілетін. Бірақ алғаш рет КСРО-да оны 14 жастан алуға рұқсат беріліп, жолым болып кетті де, емтихан тапсырып, алғашқы радиобелгімді алдым. Әлі күнге дейін сонымен жұмыс істеймін. Қазір мен радиосүйгіштер клубын және Оқушылар сарайында радиоэлектроника үйірмесін басқарамын.
Мектептен кейін Германиядағы Кеңес әскері құрамында байланысшы болып қызмет еттім. Мәскеу мен неміс бөлімшесі арасында байланыс орнаттым. Кейін институтқа түсіп, оптикалық-электрондық құрылғыларды әзірлеу мамандығын алдым, мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істедім. Кеңес Одағы тарағаннан кейін өз компаниямды құрдым. Интернет пайда болған кезде бұл бағытты да дамытуға кірістік — Балқашта оптикалық кабельдер негізінде желі құрдық.
— Күнделікті қандай жұмыстар атқарасыздар?
— Біз кіші қалаларға бейімделген заманауи талшықты-оптикалық желілер тартамыз. Мұнда найзағай түсу, кернеудің ауытқуы, одан бөлек хакерлік шабуылдар жиі болады. Балқаш пен Приозерск маңында әскери нысандар бар ғой, соған да байланысты шығар. Сондықтан желіні хакерлердің бұзуынан да, ауа райының қолайсыздығынан да қорғайтын шешімдер әзірлеуге тура келеді.
— Балқашта байланысшыларға қандай кедергілер кездеседі?
— Екі үлкен мәселе бар: климат пен халықтың қатынасы. Қыс қатты болып, бұрқасын соққанда, жолдар жабылып қалғанда желілерге қызмет көрсету қиындап кетеді. Біз интернет тартқан кейбір ауылдар қыста байланыс үзілсе, әлемнен ажырап қалады. Сондай-ақ менталитет те қиындық туғызады — кей адамдар байланыс орнату әуелі өздеріне қажет екенін түсінбейді, кіреберістерге құрылғы орнатып жатсақ, құжат талап етеді. Бұл жұмыстың бәрі солар үшін істеліп жатқанын ұзақ түсіндіруге тура келеді.
— Байланыс орнату арқылы адам өмірін құтқарып қалған кез болды ма?
— Кеңес заманында радиоәуесқой ретінде әріптестерімнің ТЖМ-ге апат сигналдарын бергенін естідім. Біз пандемия кезінде бір аптада 200-ден астам баланы қашықтан оқуға қостық, көпшілігіне тегін істеп бердік. Бұл, әрине, адам өмірін құтқару емес, бірақ қиын жағдайда көмек көрсету деп санауға болады.
— Жаңа технологияларды қолданасыз ба ?
— Иә. Мысалы, біз Қазақстандағы алғашқы «Әр үйге 10G» желісін құрдық. Бұл жылдамдығы жоғары интернет пен арналарды резервтеуді қамтамасыз етеді. Қазір абонент жеке кабинет арқылы жылдамдықты өзгерте алатын модуль жасап жатырмыз: слайдер арқылы қажетті жылдамдық пен мерзімді таңдайды. Бұл — ыңғайлы және түсінікті жүйе.
Сонымен қатар, біз «Мастер-Инетик» атты жасанды интеллект көмекшісін енгіздік, ол толыққанды техникалық қолдау операторы ретінде жұмыс істейді. Теңгерім мен байланыс желілерін тексереді, нұсқау береді, құрылғыны автоматты түрде қайта іске қосады, байланыс үзілген жерді анықтайды және өтінімді толтырады. Бір минутта мыңдаған өтінішті өңдейді — бұл қызметкерлердің жүктемесін айтарлықтай азайтады.
— Жабдықтарды қалай үздіксіз жұмыс істейтін күйде ұстайсыздар?
— Біздің сервистік орталығымыз, инженерлеріміз бар. Қажетті шешімдерді өзіміз ойлап табамыз: қыста жылыту, жазда салқындату жүйелерін орнатамыз. Өзімізге қажет қуат блоктарын жасап, жабдықты жергілікті жағдайға бейімдейміз. Ең бастысы — тәжірибе мен жұмысты соңына дейін жеткізуге деген ынта.
— Сіз үшін байланысшы болу нені білдіреді?
— Ең алдымен — жауапкершілік. Біз мектептерді, ауруханаларды, әуежайларды, әскери нысандарды байланыспен қамтамасыз етеміз. Байланыс тұрақты әрі сенімді болуы керек. Қоғамға пайдалы нәрсе жасап жатқаныңды сезіну — бұл ең күшті мотивация.
— Қызметіңіз табысты болсын!