Радостовец: ҰЭМ бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұсыныстары жаңа компаниялардың нарыққа шығуына мүмкіндік береді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігінің салалық заңнаманы реформалау жөніндегі ұсыныстары жаңа компаниялардың нарыққа қолжетімділігін кеңейтуіне мүмкіндік береді, деп санайды Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстан тауар өндірушілері және экспортқа шығарушылары одағының президенті Николай Радостовец.

Бүгін өткен Үкімет отырысы барысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қазақстанда ЭЫДҰ-ның стандарттарына сәйкес келетін монополияға қарсы заңнама бар екендігін, бірақ бәсекелестіктің деңгейі төмен болып қалып жатқандығын атап өтті. Ведомство деректері бойынша, негізгі себеп көбінесе бәсекелестіктің базалық қағидаттарына қайшы келетін салалық заңнама нормаларымен байланысты.

Министрдің хабарлауынша, базалық нарықтарда бәсекелестіктің заңды негіздерде дамуы үшін, жаңа субъектілердің нарыққа  кіруі үшін еңсерілмейтін әкімшілік, экономикалық, техникалық және басқа тосқауылдар жасалған.

«Салалық заңдарға өзгеше «ревизия» жүргізудің уақыты келді», - деп атап өтті Бишімбаев.

Өз кезегінде Н. Радостовец «ҚазАқпарат» агенттігіне берген өз сұхбатында бұл бастамалар саланың дамуына, тұтынушының мүддесін қорғауға өте қажет бастама екендігін атап өтті.

«Бастамалар дұрыс.  Барынша белсенді  бәсекелестік  болу үшін нарыққа жаңа субъектілердің  колжетімділігін кеңейту керек. Бұл тұтынушыға  баға бойынша және сапа бойынша  пайда табуға  мүмкіндік береді. Әрине, қазір әртүрлі салада талдау жүргізіліп, осыған сүйене отырып, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті ұсынып отырған  тетіктерді  іске қосу қажет» - деді Радостовец.

Оның сөзінше, салалық  заңнамаға өзгерістер қажет, «өйткені салалық заңнама бәсекелестік дамуына ықпал ететін субъектілер үшін ойын қағидаларын бекітуі тиіс».

«Бұл мәселе көптен бері шешімін күтуде, өйткені салалық заңнамадан түпкілікті мәніне көрсетілетін қызметтерді сатып алатын немесе пайдаланатын бизнес пен тұтынушылардың жағдайы тәуелді. Менің ойымша, барлық салалық министрліктер Ұлттық экономика министрлігінің бастамасын қолдағандары жөн»,- деп сөзін жалғастырды Радостовец.

Тұтынушылар нарықтарға жаңа компаниялардың шығуының  оң әсерін қашан сезіне алады деген сұраққа, Радостовец мырза «бұл мәселе бір күнде шешілмейтіндігін» атап өтті.

«Менің ойымша, бұл заңнамада тиісті  жағдайларды жасағаннан кейін, жақын арадағы бірнеше ай ішінде  болуы мүмкін, ал кейбір жерлерде ұзақ мерзімді талап етуі мүмкін», - деді Радостовец.

Сарапшының пікірінше, қазіргі тосқауылдар өндірістің дамуын және жаңа технологиялардың  қолданылуын тежейді.

«Аз шығынмен жақсы дамыған технологиялық жабдықта өнімді шығара алатын кәсіпорын нарыққа еркін кіруі және бәсекелестікті жеңе отырып, өз өндірісін кеңейтуі тиіс», - дейді ол.

Оның айтуына қарағанда, жоғары шоғырланған нарықтарда бәсекелестіктің қазіргі төмен деңгейі салалар ішінде бәсекелестікті дамытуға жеткілікті назар аударылмайтынымен байланысты. Мұнымен іс жүзінде  салалық министрліктер айналысқан жоқ.

«Бұл мәселе бойынша  шешім  біздің заңнамадағы  жүйелі мәселелерді қозғайды және біздің бәсекелестікті дамыту бойынша халықаралық стандарттарды жасау бойынша  ЭЫДҰ талаптарын іске асыруға жақындауымызға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Біз барлығын қолдаймыз деп ойлаймын», - деп қорытындылады ол.