«Әрине, мен бұл соманы айта алмаймын, өйткені демеушілерімізбен арада келісім бар. Бұл жерде демеушілердің мүддесі бар екенін ұмытпауымыз керек. Дегенмен, Қазақстан теннис федерациясының барлық шығындары бюджет қаражатынан емес, демеушілердің қалтасынан шығатынын айта кеткім келеді», - деді ол журналистердің сұрағына.
Оның айтуынша, Р.Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонганың Астанаға келу сапары толықтай демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылады. «Яғни біз бюджет қаражатын жұмсап жатқан жоқпыз. Мұның өзіндік артықшылықтары да бар. Рафаэль Надальдің келуімен біздің еліміз көптеген мақсаттарына қол жеткізеді. Яғни біз бұл жерде еліміздің әлем картасында танымал бола түсетіндігін, біздің елімізге деген, спортымызға деген қызығушылық артатынын айтып отырмыз», - дейді Д. Досқараев.
Айта кетейік, 24-25 қыркүйекте Қазақстанға түұңғыш рет әлемдік теннистің жұлдызы Рафаэль Надаль келеді. Атақты теннисші Астанада жас теннисшілерге шеберлік сабағын беріп қана қоймай, көркем матчқа да қатысады. Оның қарсыласы әлемдік ТОП-10 теннисшінің қатарына кіретін француздық спортшы Жо-Вильфрид Тсонга. Ойын 25 қыркүйекте Астанадағы Ұлттық теннис орталығында өтеді.
«Біз көркем матчтың әлемдік деңгейде болғанын қаладық. Яғни ойыншы тым болмағанда ТОП-10-ның құрамында болсын дедік. Әлемнің үшінші ракеткасы - Стэн Вавринкамен, сондай-ақ, Ришар Гаскемен, Гаэль Монфиспен келіссөздер жүргіздік. Олардың барлығы шақыртуды қуана қарсы алды. Алайда белгілі себептерді ескере отырып, біздің таңдауымыз соңғы екі-үш айда керемет өнер көрсетіп, АҚШ-та чемпион атанып, ТОП-10-ға қайта оралған француздық Жо-Вильфрид Тсонгаға түсті. Сонымен қатар, ол Р. Надальмен өте жақсы қарым-қатынаста және оның ойындары да көңілді, жарқын әрі сапалы», - деді федерация басшысы.