Рафаэль Уразбахтин: Мұндай матчты тарихқа жазуға болады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасында «Қайраттың» «Интерден» (1:2) жеңілісінен кейін матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.

— Біз фантастикалық қарсыласпен — былтырғы финалистпен ойнадық. Олардың деңгейін білдік, сондықтан бар күшімізді салуға тырыстық. Жігіттерге ризамын, ойын менің жоспарыма сай өтті. Иә, қателіктер болды, бірақ мұндай матчтарды тарихқа жазуға болады. Осындай кездесулер болашаққа сенім ұялатады. Көрермендердің осыншалық көп жиналғаны біз үшін күтпеген әрі ерекше қуаныш болды, — деді Уразбахтин.

Бапкер атақты «Сан-Сиро» аренасына қайта оралған сәтін ерекше оқиға деп атады.

— Бұл стадионға бапкер ретінде қайта ораламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Бұл — ғажайыптың болатынын дәлелдейді, — деді ол.

Маман алдағы «Копенгагенге» қарсы ойынға дайындық барысын да баяндады. Оның айтуынша, чемпионат маусымы аяқталған соң жаттығу үдерісі күрделірек болмақ, бірақ үш апталық үзіліс командаға толық қалпына келуге мүмкіндік береді.

— Жігіттерге бірнеше күн демалыс бердік, өйткені физикалық қана емес, моральдық тынығу да қажет. Қазақстанда чемпионат аяқталған соң, жаттығу өткізу қиын, бірақ бұл үзіліс бізге пайдалы болады, — деді бапкер.

Рафаэль Уразбахтин өз командасының Чемпиондар лигасындағы прогресін де атап өтті.

— Біз үш мықты клубқа қарсы ойнадық. «Пафоспен» кездесуде артықшылығымызды пайдалана алмадық, бәлкім тәжірибенің аздығынан болар. Алдыңғы қатарлы командалармен ойнау — үлкен мектеп. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз және жеңістерге сенеміз. Осындай турнирлерге тұрақты қатысу клуб дамуына серпін береді, — деді Уразбахтин.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық «Қайрат» сырт алаңда «Интерге» есе жіберді.