17:13, 21 Мамыр 2009
Рахат Әлиевтің кітабын тарату немесе мәтіндерін қолдану қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке соқтырады - Бас прокуратура
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан аумағында тыйым салынған Рахат Әлиевтің кітабын тарату немесе мәтіндерін қолдану қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке соқтырады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, кітапты таратқандар Қазақстанның бірқатар заңдық нормаларына сәйкес қудаланады. «Бұл кітапта азаматтардың құқығына нұқсан келтіретін бұрмаланған фактілер, жалған ақпараттар жарияланған. Ең бастысы, жеке адам өміріне қол сұғу, жеке бастың құпиялылығы аяқасты етілген. Сондай-ақ онда жеке азаматтардың мүліктік құқығын бұзу фактілері анықталды», - деді өз сөзінде Сапарбек Нұрпейісов.Оның айтуынша, аталмыш кітапта мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер жарияланған. «Кітапты тарату немесе мәтіндерін қолдану қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке соқтырады. Бұл Қазақстан сотынан қашып жүрген Рахат Әлиевке, қылмыскерге жақтасу ретінде қарастырылады», - деді ресми өкіл.