«Рахат» кондитерлік фабрикасы өндірісін кеңейтпек

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Рахат» кондитерлік фабрикасының басшылығы өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Алматыда өткен пресс-брифинг барысында компанияның экономика және қаржы мәселелері бойынша директорының міндетін атқарушы Зәуреш Төлеубаева айтты.

Фабрика басшылығы 2014 жыл компания үшін алдыңғы жылмен салыстырғанда табысты аяқталғанын жеткізді.

«Екі айдың қорытындысы бойынша ақпаратты әзірге айта алмаймыз. Қаржылық есеп сәуірде жарияланады. Оны қор биржасынан көруге болады. Әрине, рубльдің құлдырауына байланысты ресейлік өнім 40 пайызға арзандап, тұтынушылардың көңілін бұрып кеткені рас. Бірақ, жақында ғана ресейлік «Объединенные кондитеры» холдингі өнім құнын 30%-ға арттырғанын жеткізді», - деді З.Төлеубаева.

Оның айтуынша, қазір компания баға саясатын қайта қарап, маркетинг қадамдарын өзгертуді жоспарлап отыр.

«Біз бағаларды делдалдардың қатысынсыз, түпкілікті тұтынушыға жеткізуге тырысамыз. Бұл жағдайда бағаны тұрақтандыруға әкімдік пен кәсіпкерлер палатасы көмектесті»,- деді ол.

Компания басшылығы болашақта өндірісті кеңейтпек. Бұл жаңа инвестициялық жоба Шымкентте жүзеге асады. Нысан өз қуатына жеткен соң жылына 50 мың тонна өнім беретін болады. «Қыркүйекте бисквит цехын ашамыз. Бұл аталған жобаның жүзеге асуының бірінші қадамы болмақ», - деді Зәуреш Төлеубаева.

Оның айтуынша, өндірістің кеңейтуге мемлекеттік бағдарламаның 6 пайыздық көрсеткішпен берген демеуқаржысы үлкен септігін тигізген.

«Біз ТМД елдерінің барлығына, Германия, Корея, Ауғанстан, Қытайға өнім экспорттаймыз. Болашақта экспорт көлемін де географиялық тұрғыдан кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Отандық өнімді әлемдік нарыққа шығару жолында бізге KAZNEX INVEST ұлттық агенттігі мен «КазЭкспортГарант» АҚ көмектесті», - деп қорытындылады компания басшылығының өкілі.