Рахман қайнарына апаратын жол екі сағатқа қысқарды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 437–450 шақырымында негізгі жұмыстарды аяқтады. Ұзындығы 13 шақырым жаңартылған учаскеде көлік қозғалысы ашылды.

Фото: ҚазАвтоЖол

Бұл жоба Шығыс Қазақстандағы басты туристік бағыттардың бірін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмысының бір бөлігі. Өскеменнен Рахман қайнарына дейінгі автожолдың жалпы ұзындығы шамамен 450 шақырым. Жүргізілген жөндеудің нәтижесінде сапар қауіпсіз әрі қолайлы бола түсті, ал жол жүру уақыты шамамен екі сағатқа қысқарды.

Бұл бағыт Катонқарағай ауданы мен өңір туризмінің өркендеуі үшін айрықша маңызға ие. Автожол Рахман қайнарына, Катонқарағай ұлттық паркіне және Алтайдың өзге де табиғи көрікті жерлеріне апарады. Жол жағдайының жақсаруы туристер санын арттыруға, шағын және орта бизнестің, жол бойындағы сервистің және туристік инфрақұрылымның өркендеуіне жаңа мүмкіндік береді.

Жолдың ресми ашылуына «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, жол саласының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

– Катонқарағай үшін сапалы жол – туризмнің, өңір экономикасының және жергілікті халықтың тұрмыс сапасының маңызды негізі. Бүгінгі мәселе жекелеген шақырымдарды жөндеумен ғана шектелмейді. Біз Өскеменнен Рахман қайнарларына дейін қауіпсіз әрі қолайлы жол қалыптастырып келеміз. Атқарылған жұмыстар сапар уақытын шамамен екі сағатқа қысқартуға мүмкіндік берді. Келесі маңызды кезең – Осинов асуындағы нысанды аяқтау. Оны биыл қазан айының соңында ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобалар Катонқарағайға қатынасты едәуір жақсартып, өңірдің дамуына жаңа мүмкіндік береді, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

437-450 шақырым аралығындағы орташа жөндеу 2025 жылы басталып, 2026 жылы аяқталды. 13 шақырым бойында жолдың бойлық және көлденең пішіні түзетіліп, қара қиыршықтас қабаты мен жол жамылғысының үстіңгі қабаты төселді.

Жоба аясында 17 су өткізу құбыры мен үш су өткізу науасы салынды. Сондай-ақ су бұру арналары жасалып, жолды жабдықтау жұмыстары атқарылды.

Нысанға 65 маман мен 36-ға жуық жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды.

Биыл «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының бірнеше бөлігінде жөндеу жүргізілуде. Жолды кезең-кезеңімен жаңарту қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, Шығыс Қазақстандағы маңызды туристік аймаққа қатынасты жақсартуға бағытталған.

Бұл бағыттың дамуына Осинов асуын айналып өтетін жаңа жолдың аяқталуы да серпін береді. Қазір нысандағы көпір құрылысының соңғы жұмыстары жүргізілуде. Көлік қозғалысын 2026 жылғы қазан айының соңында ашу жоспарланған.

Жаңа жол күрделі таулы бөлікті айналып өтуге мүмкіндік беріп, көлік қатынасының сенімділігін арттырады. Мұның әсіресе қыс мезгілінде маңызы зор. Өйткені Осинов асуында қалың қар, көктайғақ және қолайсыз ауа райы қозғалысты жиі қиындатады. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін жүргізушілер үшін қауіпсіз әрі тұрақты қозғалыс қамтамасыз етіледі.

Осылайша, облыс орталығынан Шығыс Қазақстанның басты туристік аймақтарының біріне дейінгі сапалы әрі қауіпсіз автожол кезең-кезеңімен қалыптасып келеді.

Рахман қайнарына апаратын жолдың жаңаруы және Осинов асуындағы жаңа нысанның аяқталуы Катонқарағай туризмінің дамуына, туристер ағынының артуына және Шығыс Қазақстандағы көлік қатынасының жақсаруына берік инфрақұрылымдық негіз қалайды.

Айта кетейік, бұған дейін Осинов асуын айналып өтетін ұзындығы 12 шақырымға жуық жаңа жолдың құрылысы аяқталуға таяғаны хабарланған. Жаңа бағыт қазіргі жолды қысқартып, әсіресе қыс мезгілінде Катонқарағайға қатынасты қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.