Республикалық маңызы бар Өскемен — Алтай — Үлкен Нарын — Катонқарағай — Рахман қайнары автокөлік жолының 437-450 шақырым аралығында 8 маусымнан бастап күн сайын сағат 06:00–ден 18:00–ге дейін көлік қозғалысына шектеу қойылды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының хабарлауынша, бұл шешім жолды жаңғыртудың маңызды кезеңі — асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстарының басталуына байланысты қабылданған. Өңірдегі ең танымал туристік орындардың біріне апаратын бұл жол алғаш рет толықтай асфальтталмақ.
— Учаскеде ірі жол-құрылыс техникасын пайдалана отырып, асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстары басталды. Мұндай жұмыстарды көлік қозғалысын тоқтатпай жүргізу жүргізушілер үшін қауіпті. Сонымен қатар бұл болашақ жол жабынының сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін, — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Әділет Жампейісов.
Оның айтуынша, мердігер ұйымдар асфальт төсеумен қатар су өткізу құрылыстарын орнату, жол төсемінің негізін дайындау, темірбетон науаларын салу және көшкін қаупі бар учаскелерді нығайту жұмыстарын да жалғастырып жатыр.
Қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Жол таулы аймақ арқылы өтетіндіктен, құрылыс кезінде тас құлау және топырақтың опырылу қаупі сақталады.
— Бұл учаске күрделі таулы жерде орналасқан. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақта бөгде адамдар мен көліктердің болуы олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан қозғалысқа уақытша шектеу қою мәжбүрлі шара, — деді Әділет Жампейісов.
Шектеулер жол төсемі мен асфальтбетон жабындысын төсеу бойынша негізгі жұмыстар аяқталғанға дейін сақталады. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Үкімет отырысында көтерілген туризм саласындағы негізгі түйткілдер туралы жазған болатынбыз.