Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сарапшылық кеңесте белгілі сарапшы Рахым Ошақбаев Президент Жолдауының негізгі тезистері туралы өз пайымын айтты.
«Мемлекет басшысының Президент өкілетінің мерзімін өзгерту туралы ұсынысынан үлкен интрига туындап отыр. Қалай болса да, Конституцияға өзгеріс енеді. Осы мәселенің басы ашық қалып отырған сияқты. Конституция мамандарына осы жағын түсіндіру керек болып тұр. Бұл өзгерістің тәртібі, қандай формула таңдап алынатыны айқындалғанша интрига сақталатын түрі бар», - деді сарапшы.
Оның пайымынша, биыл маусымда өткен референдум Конституцияға енгізілетін салмақты өзгерістің бәрі референдум арқылы қабылдануы керек екенін көрсеткен.
«Менің жеке тілегім, Жаңа Қазақстан жағдайында Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерісті Парламен арқылы қабылдатуға тыйым салып, тек референдум арқылы өткізу керек.
Қазір Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер саны мен ежелден орныққан елдердің Конституциясына енгізілген өзгерістердің санын салыстырған интернет әжуалар көп. Яғни, мыңнан астам өзгеріс енгізілген. Биылдың өзінде екінші рет өзгеріс енгелі отыр. Ата заңымыздың құбылмалылығы саяси жүйеміздің тұрақтылығынан тікелейкөрініс тауып отыр», - деді саясаткер.
Сондай-ақ, ол Парламент өкілдеріне үндеу тастады.
«Биліктің негізгі көзі халық қана болғандықтан, Ата заңға енгізілетін өзгерісті де тек халықтың таңдауы арқылы қабылдау керек деп есептеймін. Маусым айында мұндай бастаманы Президент жақсы көтерген болатын. Сол жолды жалғастырар деп үміттенем. Осы мүмкіндікті пайдаланып депутаттарға Конституцияға бұл жолы енгізілетін өзгерісті Парламент арқылы өткізуден бас тартып, референдум арқылы қабылдатыңыздар деп үндеу тастағым келеді», - деді саясаткер.