Рақымшылық заңы: Қызылордада 150-ге жуық адам жазасын өтеуден босатылды

Фото: Абай облыстық ҚАЖД

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде 1 466 адам жазасын өтеп жатыр. Соның 971-і жұмысқа жарамды.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер мен тергеу изоляторында сотталғандар түгел жұмыспен қамтылған. Ал қауіпсіздігі аралас мекемеде бұл көрсеткіш – 52%. Сотталғандардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші республикалық деңгейден (54%) жоғары – 75%.

- Жүйелі жұмыс нәтижесінде №60 түзеу мекемесінде есепті мерзімде қосымша 5 жеке кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашты. Жергілікті бюджет қаржысына қосымша модульді жаңа ғимараты салынып жатыр. Сотталғандарға арналған күндізгі стационар жұмысын бастады. Телемедицина іске қосылып, жазасын өтеушілер түгел скринингтен өтті. №68 мекеменің медициналық бөлігіндегі күрделі жөндеу жұмысы қарашада аяқталады. Рақымшылық қолданылуы тиіс 616 адамның 541-не бұл жеңілдік қолданылды. 147-сі жазасын өтеуден босатылса, 394-нің жаза мерзімі қысқартылды. 75 құжат соттың қарауында, - делінген ведомство хабарламасында.

Пробация есебіндегі 80 адамға электронды бақылау құралдары қолданылып, 8-і жаза өтеу талаптарын бұзуына байланысты түзеу мекемелеріне қайта оралды.

Бұған дейін біз шілде айында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесінен Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылыққа іліккендер қатарында алғашқылардың бірі болып 3 адам бостандыққа шыққанын жазғанбыз.