Рақымшылық аясындағы қандай іс болмасын судья тек қана заңға сүйеніп шешім шығарады - А. Қасымов

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат  - Рақымшылық аясындағы қандай іс болмасын судья тек қана заңға сүйеніп шешім шығарады.

Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотында «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына  байланысты рақымшылық жасау туралы» заңын қолдану жөнінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов мәлім етті.

Алқа төрағасының айтуынша, ағымдағы жылдың 22 қаңтарынан бастап «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы»  заң қолданылып келеді. Бұл ел тәуелсіздігі барысында 8-ші рет өткізіліп отырған рақымшылық шарасы болып табылады. «Күні бүгінге дейін БАҚ-та жарық көрген жаңалықтардың басым бөлігі осы заң аясында бостандыққа шығарылған азаматтарға қатысты болып отыр. Соның ішінде, БАҚ кейбір түсініспеушілік пен бұрмалаушылыққа да жол беріп отырғанын байқаймыз. Мәселен, бірқатар БАҚ «белгілі бір қылмыстарды жасаған азаматтар неге тура сот залында рақымшылық алып босатылуы тиіс» деп жазса, тағы бір бағытта рақымшылық алғандардың 2 апта бойы темір тордың  арғы жағында отырғанына назар аудартады. Бұны түсінулеріңіз қажет. Өйткені рақымшылық аясындағы заң талаптары сондай», - дейді Ақылтай Қасымов.

Сонымен қатар, Жоғарғы Сот өкілі заң аясында жазадан босатылатын азаматтардың санатын тағы бір еске салып өтті. Олар: кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе 1 және 2 топтағы мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар. Бұдан бөлек, жасы 50-ге толған және одан жоғары жастағы әйелдер мен 63-тен асқан ер азаматтар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары және соған теңестірілген азаматтар, әскери және интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері, сондай-ақ күйеулері соғыс мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар болып табылатын әйелдер де жазадан босатылады. Бұдан бөлек, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза түрлеріне сотталған адамдар, егер бұл жаза негізгі жаза түрінде қолданылған болса, жазадан босатылады.