Рамазан айында кейбір азық-түлік түрлері арзандауы мүмкін

Фото: Фото: Сауда және интеграция министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM –  Рамазан айында сұранысы жоғары азық-түлік бағасы өсуі мүмкін бе? Бұл сұраққа ҚР Сауда және интеграция министрі  Арман Шаққалиев жауап берді.

- Бұған дейінгі жылдарға шолу жасасақ, мұндай кезеңдерде (Рамазан айында) сауда желілері тиісті акциялар өткізіп, бағаны төмендету туралы хабарлап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Оразаның өзі жақсылық пен мейірімділік мерекесі ретінде қабылданады. Сондықтан сауда желілерінде жұмыс істейтіндер қайырымдылық пен жан дүниесінің кеңдігін көрсетіп жатады, - деді А.Шаққалиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда министр Рамазан айында еліміздің аумағында бағаны төмендетуге бағытталған акциялар болатынын атап өтті.

- Бұл тұрғыда осы кезеңде бағаның ауытқуы мен оразаны мүлдем байланыстырмаймыз, - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Бас мүфти кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды.