Рамазан айында «жылдам әрі көп тамақтану» асқазанға ауыр түседі

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қара теңіз Техникалық университетінің Медицина факультеті гастроэнтерология кафедрасының доценті Ариф Мансур Джошар ораза ұстау асқазан-ішек жүйесіне белгілі бір уақытқа демалыс беретінін айтты, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Джошардың сөзінше, ауыз бекіту жалпы денсаулықты қолдау үшін ұсынылады, алайда ауыр дертке шалдыққан адамдар дәрігермен кеңесіп, ораза ұстай ала ма, жоқ па, соны шешуі керек.

Доцент Рамазан айы кезінде асқазан-ішек жұмысының бұзылысына шағымданатын адамдар саны артатынын атап өтті. Әсіресе бұрыннан асқазан немесе ішек аурулары бар науқастар ұзақ уақыт аш қалғаннан кейін тым көп тамақтанса, ауру белгілері ушығуы мүмкін. Мұндай адамдарға ораза айы бойы дәрілерді мұқият қабылдау маңызды.

Ол асқазанды қорғайтын препараттарды ауыз бекітер алдында жарты сағат бұрын қабылдаудың маңызды екенін, ал қалған дәрілерді асқазан-ішек ауруларын емдеу үшін үш немесе екі рет — ауызашарда, ауыз бекітерде және ұйықтар алдында қабылдауға болатынын айтты.

Тамақтану бойынша кеңестер

Маман кез келген уақытта тұрақты және дұрыс тамақтанудың маңызды екенін атап өтті. 

— Барлығына жарай беретін жалпы диеталар болмайды. Адамдар өз ағзасын бағалап, жақпайтын өнімдерден аулақ болу керек. Рамазан айы кезінде бірден көп жеуге болмайды, тамақты аз-аздан және баяу шайнау керек. Дастарханнан тойғаныңызды сезбес бұрын тұрып кетіңіз. Осы ережеге міндетті түрде мән беру қажет, — деді дәрігер.

Доцент Рамазанның алғашқы күндерін адаптация кезеңі деп атады.

— Асқазан немесе ішек проблемалары жоқ адамдарда да тамақтану режимінің өзгеруіне байланысты шағымдар туындауы мүмкін. Алғашқы бірнеше күнде бұл айтарлықтай сезіледі, ал Рамазан айының соңында организм бейімделіп кетеді, — деді ол.

Осыған дейін Рамазан айында елімізде пойыздардағы вагон-ресторандар арнайы кестеге көшкені белгілі болды.