Аталмыш мешіттің ұйымдастыруымен өткен шараға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Есмахан арнайы келіп қатысты. Іс-шарада имамдар Рамазан айының қадір-қасиеті мен оразаның пайдасы жайлы баяндаса, ақындар мен жазушылар асыл діннің құндылықтарын жырлады.
Сондай-ақ, бұл шарада мешіт жанашырлары алғыс хаттармен марапатталды.
Ал, өткен қыста өрттен бауырларын құтқарып қалған 8 жасар Ұлдана Советтің отбасы мен тағы бір мұқтаж жанұяға балалар сауықтыру орталығына жолдама берілді.
Сонымен қатар, «Ғалым» мешітінің бас имамы Нұрлан Әбенұлына демеушілердің көмегімен Ұмра қажылығына жолдама табысталды.
Ал, бұл кештің ең үлкен тосынсыйы мен ерекше сыйлығы Нұрлыкөш ауылында 7 баласымен пәтер жалдап жүрген жалғызбасты ана Мәуленгүл Тарбаққызына 2 бөлмелі пәтердің тарту етілгені болды.
"Мұндай айрықша қайырымды іс жиналғандарды еріксіз тамсандырды. Көпбалалы отбасына беріліп отырған баспана Красный яр кентінде орналасқан. Пәтер мешіт жанындағы «Зекет» қайырымдылық қорына жиналған қаражатқа сатып алынды", деп жазылған мешіт сайтында.
Шара соңында мешіт имамдары мен ұйымдастырушылар Мәуленгүлдің жаңа шаңырағына барып құттықтап, батасын берді.