Рамазан айында 8 жыл бұрынғы ұрлығын мойындап, кешірім сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жидда қаласының тұрғыны қасиетті Рамазан айында өзінің осыдан 8 жыл бұрын жасаған ұрлығы үшін кешірім сұрап, иесіне ұрланған зат құнын ұсынды, деп жазады muslim.kz.

Осыдан сегіз жыл бұрын Әбу Абду Рахман туысқанының үйлену тойында аяқкиімінен айырылып қалған болатын. Енді арада сегіз жыл уақыт өтісімен кішкене балақай келіп, 500 риал салынған хатты ұсынғанда, таңданысында шек болмады.

Хат иесі өзінің сол бір қылығы үшін өлердей өкінетінін жазып, араға 8 жыл өткен соң тәубесіне келіп, кешірім өтініпті. Ал Абду Рахман болса, туысқанының тойында аяқкиімінен айырған ұрыны баяғыда кешіріп қойғанын айтады. Ұрланған заттың өтеуі ретінде жолданған ақшаны ол қайырымдылық шарасына жұмсайтынын жеткізді.