Рамазан айында өзге діни сенімдегі 5 адам ислам дінін қабылдады - Жетісу ауданының бас имамы

АЛМАТЫ. 16 шілде. ҚазАқпарат - Оқушылардың жазғы демалысы кезінде еліміздегі барлық мешіттерде діни сауат ашу курстары мен жазғы лагерьлер ұйымдастырылуда.

Бұл туралы кеше Алматы қаласының Жетісу ауданындағы Сұлтанқорған мешітінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін ұйымдастырған ауызашарында айтылды.

«Адамның санасы жоғарылаған сайын ислам дінін түсіну, оның ақиқатына көздері жетіп қабылдаушылардың көбейе беретіні ақиқат. Мәселен, біздің Жетісу ауданында Рамазан айының ішінде ғана өзге діни сенімдегі 5 адам мешітке келіп ислам дінін қабылдады. Ал жыл басынан бері олардың саны 14 адамға жетті», - дейді Жетісу ауданының бас имамы Cерікхан Ырымханұлы.

Бас имамның айтуынша, Жетісу ауданында 6 мешіт, 10 намазхана бар. Жазғы демалыста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен бүкіл еліміздегі мешіттерде сауат ашу курстары мен жазғы лагерьлер ашылды. Мәселен, Жетісу ауданындағы «Ал-Медине» орталық мешітінде ғана Рамазан айына дейін 60 балаға жазғы лагерь ұйымдастырылды.