Рамазан Оразов «Елімай» сапына қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов Семейдің «Елімай» командасына ауысты. Бұл жөнінде семейлік клубтың баспасөз қызметі мәлім етті.
– Рамазан Оразов даниялық «Силькеборг» клубынан семейлік «Елімай» сапына еркін агент ретінде ауысқанын ресми хабарлаймыз. Мансабының маңызды бөлігін еліміздің беделді клубтарында өткізген ойыншы «қазақтың Модричі» лақап атымен кеңінен танымал. Словения мен Дания біріншілігінде ойнау тәжірибесі бар ойыншыға туған еліне қош келдің дейміз, - деп жазылған хабарламада.
Рамазан Оразов 1998 жылы 30 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазірге дейін еліміздің «Қайрат», «Ақтөбе», «Ақсу», «Тобыл», Латвияның «Даугавпилс» және Ресейдің «Чайка», Словенияның «Копер» клубтарында ойнады.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық футболшы Ғалымжан Кенжебек семейлік «Елімай» командасына ауысқан болатын.