АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Дания чемпионатының 6-турында «Силькеборг» сырт алаңда «Вайле» клубын жеңді.
Құрамында қазақстандық Рамазан Оразов өнер көрсететін «Силькеборг» командасы көш соңында келе жатқан қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Екінші таймда 57-минутта «Силькеборгтан» Тонни Адамсен алғашқы голдың авторы атанды. 67-минутта Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Р.Оразов алаңға шықты.
Ол шабуылға араласқан кезде «Вайленің» қақпасына екінші доп енді.
Ал 73-минутта Рамазанның пасынан кейін қақпашы мен қорғаушының қателігін пайдаланған Адамсен екінші голын соқты.
89-минутта Хамза Барри есепті қысқартқанымен, 93-минутта Александер Симмельхак ойынның нүктесін қойды — 3:1.
«Силькеборг» 15 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттар лигасы ойындарына қатысатын футболдан Қазақстан құрамасының кеңейтілген құрамы жарияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).