Рауан Кенжеханұлы: Кемел ұлт дегеніміз — өзін ешкімнен кем санамайтын, қор тұтпайтын ұлт

АСТАНА. KAZINFORM — Кемел ұлт дегеніміз — өзін ешкімнен кем санамайтын, қор тұтпайтын ұлт. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы айтты.

Фото: «Қазақ тілі» қоғамы

— Тіл мәселесі де, ұлттың болмысы, мінезі мен құндылықтары да әр дәуірдің талабына сай жаңарып, жаңа биікке көтеріліп, жаңаша талқыланып отыруы керек. Ұлт осы арқылы өседі, осы арқылы кемелденеді. Ұлттың кемелденуі — үздіксіз жүретін процесс. Оның белгілі бір межесін белгілеп, «Міне, осы деңгейге жеткенде кемелімізге жеттік, болдық, толдық» деп айтуға болмайды. Өйткені тарихтың қозғалысы тоқтамайды. Біз де осы үдерісте қалай ілгерілейміз, әлеммен тереземізді қалай теңестіреміз, өз ортамызда қалай алдыңғы қатардан көрінеміз деген сұрақтарға жауап іздеуге міндеттіміз, — деді қоғам президенті.

Оның пайымынша, аталған мақсаттарға жетіп, көкейдегі сауалдарға лайықты жауап беру үшін өзімізді жетілдірудің, кемелдендірудің жолдарын табуымыз қажет.

— Менің түсінігімде, кемел ұлт дегеніміз — әрбір азаматы қай жерде жүрсе де, өзінің кім екенін, қай ұлттың өкілі екенін терең сезінетін, өзін ешкімнен кем санамайтын, қор тұтпайтын ұлт. Керісінше, ол өзінің мәдениеті, тілі мен ұлттық өзегі арқылы әлемдегі озық мәдениеттермен, мақтан тұтарлық тарихтармен тең дәрежеде сөйлесе алуы керек. Халықаралық мәдени байланыстарда бөлісері де, берері де бар, ата-бабадан қалған бай мұрасын, тарихи, рухани құндылықтарын терең білетін азаматтардан құралған ұлт болуы қажет.

Осы орайда ол бүгінде тарихымызды қайта саралап, қазақ мемлекеттілігінің бастауы қайда жатқанын, оның тамыры неде екенін, қандай құндылықтар мен тіректерге сүйенуі керектігін зерделеп жатқанымызды атап өтті.

— Мұның бәрі өткенді зерттеумен ғана шектелмейді. Керісінше, бұл тарихымыздағы маңызды құбылыстарды танып, оларды дұрыс саралап, бағалау арқылы болашағымызға жол ашып, оның іргетасын нығайтуға бағытталған жұмыс. Ұлттың болмысы мен рухы осындай ізденістерден күш алады, нығайып, беки түседі. Сондықтан, меніңше, ұлт кемелдігінің тамыры да, негізі де осында жатыр, — деді Рауан Кенжеханұлы.

Бұған дейін Оксфорд студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға барғанын жазғанбыз.