Реадмиссия: Қазақстан мен Эстония заң бұзған азаматтарды жауапқа тартпауға келісті

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Эстония Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Келісімге Астана қаласында 2022 жылы 15 желтоқсанда қол қойылған болатын. Құжат екі елдің құзыретті органдарының реадмиссия мәселелері бойынша ынтымақтастығын құқықтық тұрғыда реттейді.

«Келісім ел аумағында болуы тәртібін бұзған адамдарды қайтару тәртібін реттейді. Келісім біздің азаматтарды жауапкершілікке тартпай, кіруге тыйым салғызбай тиісті талаптар бойынша қайтаруға мүмкіндік береді», - деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Сонымен қатар сол мемлекеттің құзыретті органдары Қазақстан азаматына елге оралуға қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі. Келісіммен құзырлы органдар ретінде Қазақстан жағынан – Ішкі істер министрлігі, ал Эстониядан Полиция және шекараны қорғау департаменті бекітілді.

«Келісімді ратификациялау Еуропа мемлекеттерімен өзара ынтымақтастықты нығайтуда жаңа серпін береді. Осындай келісімдерге қол қою біздің азаматтарымыз үшін визалық тәртіпті оңайлатуға мүмкіндік туғызады. Аталған қадамдар қазан айында Брюссель қаласында әріптестермен келісілген болатын. Келісім халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленді. Осы Келісім заңсыз көші-қонға қарсы күрес жүргізуге мүмкіндік береді», - деді министр.