Еуропаның екі алпауыт клубы да өткен маусымды рекордтық қаржылық нәтижемен аяқтады. «Реал Мадридтің» операциялық кірісі 1,221 млрд еуроға жетсе, «Баварияның» шоғырландырылған табысы 988,2 млн еуроны құрады.
Мадридтік клуб өз тарихында алғаш рет жылдық табысын 1,2 млрд еуродан асырды. «Реал» президенті Флорентино Перес клубтың жыл сайынғы жалпы жиналысында 2026-2027 жылғы маусымға арналған бюджет 1,25 млрд еуро болатынын мәлімдеді.
Клубтың пайыздар, салықтар және амортизация есептелгенге дейінгі пайдасы (EBITDA) 287,4 млн еуроға жетіп, тарихи рекорд орнатты. Ал салық төленгеннен кейінгі таза пайдасы шамамен 26 млн еуроны құрады. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 8%-ға жоғары.
Флорентино Перес «Реалдың» халықаралық деңгейдегі беделіне де тоқталды. Forbes рейтингі бойынша клуб бесінші жыл қатарынан әлемдегі ең қымбат футбол клубы атанды. Deloitte оны табыс көлемі бойынша бірінші орынға қойса, Brand Finance әлемдегі ең құнды әрі ықпалды футбол бренді деп бағалаған.
«Реалдың» табысы өткен маусыммен салыстырғанда 3,1%-ға өсті. Бұл өсімге коммерциялық қызмет пен жаңғыртылған «Сантьяго Бернабеу» стадионының кірісі айтарлықтай ықпал еткен.
Атап айтқанда, маркетингтен түскен табыс 6%-ға өсіп, 539 млн еуроға жетті. Стадионнан түсетін кіріс 11%-ға артып, 363 млн еуроны құрады. Ал телетрансляция құқықтары мен халықаралық турнирлерден клуб қазынасына тағы 319 млн еуро түскен.
«Сантьяго Бернабеу» стадионының табысы 2018-2019 жылғы маусыммен, яғни қайта жаңғырту жұмыстары басталғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда екі еседен астам өскен.
Мадридтік клуб осымен 26 қаржы жылын қатарынан пайдамен аяқтап отыр.
Ал «Бавария» 2025-2026 жылғы маусымда табысын 978,3 млн еуродан 988,2 млн еуроға дейін арттырған.
Мюнхендік клубтың демеушілік келісімшарттардан түсетін кірісі шамамен 30 млн еуроға өсіп, 268,4 млн еуроны құрады. Клубтық тауарларды сатудан түскен табыс та рекорд жаңартып, 152,8 млн еуроға жетті.
«Баварияның» операциялық пайдасы 187,8 млн еуродан 190,8 млн еуроға дейін өскенімен, салық салынғанға дейінгі пайдасы 16,9%-ға төмендеп, 35,3 млн еуроны құрады. Ал таза пайдасы 15,9%-ға азайып, 22,8 млн еуро болды.
Клуб басшылығы бұл жағдайды алдыңғы қаржы жылында Еуропа чемпионаты мен Чемпиондар лигасының финалынан түскен қосымша кірістің биыл қайталанбауымен түсіндірді.
– Біз тағы бір рекордтық жылды аяқтадық. Қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, ерлер және әйелдер командаларына инвестиция салуды жалғастырамыз, – деді «Баварияның» бас директоры Ян-Кристиан Дрезен.
Сонымен қатар «Бавария» клуб мүшелерінің саны бойынша да тарихи межеге жетті. Алғаш рет оның ресми мүшелерінің саны 500 мыңнан асты.
Клуб мәліметінше, бұл көрсеткіш «Баварияны» мүшелерінің саны бойынша әлемдегі ең ірі спорт клубына айналдырды. 2014 жылы олардың саны шамамен 250 мың болған.
Екі клубтың қаржылық моделінде де айырмашылық бар. «Реал Мадрид» жаңғыртылған стадион мен жаһандық коммерциялық қызметтен мол табыс тапса, «Бавария» демеушілік келісімдер мен клубтық тауарлар саудасына басымдық береді.
Дегенмен кіріс көлеміндегі 233 млн еуролық айырмашылық таза пайдаға айтарлықтай әсер етпеген. «Реалдың» таза пайдасы 26,3 млн еуро болса, «Баварияда» бұл көрсеткіш 22,8 млн еуроны құраған. Яғни екі клубтың таза пайдасының айырмашылығы небәрі 3,5 млн еуро.
Сарапшылар мұны футбол клубтарының қаржылық нәтижесіне ойыншылардың жалақысы, трансфер шығындары, операциялық шығыстар және басқа да міндеттемелер әсер ететінімен түсіндіреді.
«Бавария» енді жылдық табысын 1 млрд еуродан асыруды көздеп отыр. Ал «Реал Мадрид» бұл межеден өтіп, қаржылық көрсеткіштерін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Forbes журналы жариялаған әлемнің ең қымбат футбол клубтарының рейтингінде «Реал Мадрид» бірінші, ал «Бавария» алтыншы орынға жайғасқан еді.