Ойынның алғашқы минуттарынан бастап алаң иелері ұдайы шабуылдаумен болды. Ал, каталониялықтар бұл матчта фаворит болғанымен, бірінші таймда азулы MSN үштігінің өкілдері ешқандай нәтижелі әрекеттерімен көзге түспеді. Ойын негізінен алаңның «Барселона» жағында жүріп, қауіпті сәттер Марк-Андре тер Штеген қақпасы маңайында туындады. Әсіресе, бұл сәттерде «Реал Сосьедадтың» мексикалық футболшысы Карлос Вела белсенді болды.
Екінші тайм тартысты өтті. Кездесудің 53-ші минутында Карлос Вела каталониялық команданың бірнеше қорғаушысыш артта қалдырып, қақпаға оның бағыттаған соққысын Марк-Андре тер Штеген қайтарғанымен, допқа бірінші болып Виллиан Жозе жетіп, басымен допты қақпаға қарай ұрады - 1:0.
Бірнеше минуттан соң (59') Неймар сол қанаттан шабуылдап, «Барселонаның» басты жұлдызы Лионель Мессиге пас шығарады. Ал, аргентиналық шабуылшы допқа екі рет қана аяқ тигізіп, есепті теңестіреді - 1:1.