Редакция алқасы Қазақстан тарихы көптомдығының дизайн-тұжырымдамасын талқылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Басқосуда Ғылым және жоғары білім министрі, редакциялық алқа төрағасының орынбасары Саясат Нұрбек іргелі еңбектің 1-4 томдарын басып шығару алдындағы дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы көптомдықтың дизайн-тұжырымдамасын таныстырды.
– Жалпы, кейінгі жылдары отандық ғылым көп ғасырлық тарихымызды кешенді зерделеу бағытында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда тарихымыздың академиялық жеті томдығы біздің қоғамның бірегейлігі мен тарихи жадының тұтастығын қалыптастыруда негізгі құралдардың біріне айналды. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасының преамбуласы да бірегейлігімізді нығайтудың маңызды факторы саналады. Онда Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы нақты көрініс тапқан, – деді Ерлан Қарин.
Редакция алқасы отырыста Қазақстан тарихының ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы кезеңіне арналған бесінші томның қолжазбасын қарады.
Аталған томның жаңартылған құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды.
Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіровтің, тарих ғылымдарының кандидаты, Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебайдың, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаеваның рецензиялары тыңдалды.
Бұдан бөлек, редакция алқасының Андрей Чеботарев, Галина Ксенжик, Жақсылық Сәбитов, Дихан Қамзабекұлы, Бүркітбай Аяған, Жәкен Таймағамбетов, Айдос Сарым, Мәмбет Қойгелдиев секілді басқа да мүшелері өз ой-пікірін ортаға салды.
Жиын соңында академиялық басылымның бесінші томын жетілдіру жұмысын одан әрі жалғастыру және келесі отырыста көптомдықтың алтыншы томын қарастыру туралы шешім қабылданды.
Айта кетелік Президент Қазақстан тарихына арналған жаңа жеті томдық қашан дайын болатынын айтқан еді.