«Референдум–2026» республикалық онлайн марафоны өтіп жатыр

Фото: t.me/referendum_2026

АСТАНА. KAZINFORM — Онлайн-марафон Jibek joly және өзге де республикалық телеарналар мен интернет-порталдардың YouTube және Facebook желісіндегі платформалары арқылы трансляцияланады.

Сағат 09:00-де басталған онлайн марафон 01:00-ге дейін жалғасады. Он алты сағатқа созылатын эфир барысында қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, ел дамуына қатысты бастамалар мен инновациялық жобалар таныстырылады.Ауқымды шараны «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырып отыр.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шара барысында алғаш рет отандық өнертапқыштар жасаған роботтар марафон жүргізушілеріне көмектеседі. Сонымен қатар голограмма технологиясы арқылы Қазақстанның жетістіктері таныстырылады.

Марафон аясында бес негізгі алаң жұмыс істейді. Атап айтқанда, басты сахнада қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен танымал тұлғалардың қатысуымен пікірталастар өтеді. Ток-шоу алаңында білім беру, креатив индустрия, цифрландыру, жасанды интеллект және жастар мәдениеті тақырыптары талқыланады.

Сондай-ақ орталық коммуникациялар алаңында референдумның өту барысына қатысты ресми органдардың өкілдері мен сарапшылар әр екі сағат сайын тікелей эфирде пікір білдіреді. Экспресс-камера форматында журналистер қатысушылар мен көрермендерден блиц-сұхбат алып, олардың пікірін жеткізеді.

Марафон барысында «Киберспорт», «Инклюзивті қоғам», «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі», «Бала тәрбиесі: дәстүр мен заманауи әдістердің сабақтастығы», «Патриотизм», «Жасанды интеллектінің дамуы», «Креативті индустрия», «Волонтерлік – жаңа азаматтық мәдениет», «Білім беру», «Ұлттық музыка – жаңа форматта» секілді өзекті тақырыптар қозғалады.

Онлайн марафонға АҚШ, Ресей, Түркия, Қытай және Бельгия елдерінен, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінен меншікті тілшілер тікелей қосылады.

Медиашарада алғаш рет ұйымдастырылған инновация алаңында отандық өнертапқыштардың бірқатар жобасы таныстырылады. Атап айтқанда, ағылшын тілін үйретуге арналған Aleem қосымшасы, болашақта адам ағзасына салынуы мүмкін механикалық жүрек жобасы, сал ауруына шалдыққан адамдарға арналған жаңа арба және майтабанды анықтайтын «ақылды» ұлтарақ көпшілік назарына ұсынылады.

Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт сөндіруге арналған роботтың мүмкіндіктерін таныстырады.

Сондай-ақ жасанды интеллектпен жұмыс істейтін робот иттер белгіленген аумақты автономды түрде бақылап, бейнеақпаратты басқару орталығына жібереді. Сонымен қатар шахтерлердің қауіпсіздігін арттыруға арналған Mainsafe смарт-қолғабы мен ластанған ауадан принтерге арналған қара бояу өндіруге мүмкіндік беретін инновациялық жоба да таныстырылады.

Сонымен қатар «Референдум–2026» арнайы Telegram арнасы жұмыс істейді. 

Айта кетейік, 12 ақпанда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланған болатын. 

Бүгін еліміздің барлық аймақтарында сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр. 

Егер азамат ешқайда тіркелмеген болса, мұның да шешімі қарастырылған. Ел бойынша 220 учаскеге 1 тәулікке тіркелуге болады. Мұндай жағдайда азамат тізімге енгізіліп, дауыс беру үшін оған бюллетень ұсынылады.