Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша ҚР Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы» мәселені талқылау барысында депутат Ирак Елекеев осылай мәлім етті.
«Референдум өткізу туралы бастамашыл топтың шешіміне сәйкес, «Сіз республикалық референдумда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың президенттік өкілеттіктері мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзартасыз ба?» деген мәселе шығарылған болатын. Әрине, мәселе өте орынды қойылып отыр. Алайда, заңгер ретінде Конституциялар мен заңдар арасындағы қайшылықтарды жою керектігін қолдаймын. Бұл ретте Конституцияда «Елбасы» сөзі қалыс қалып тұр. Сондықтан да, референдумға Конституцияға өзгерістер енгізуі, оның ішінде «Елбасы» сөзін қосу туралы ұсынысты жақтаймын. Конституцияның 3 бабына сәйкес, биліктің жалғыз көзі - халық. Ендеше, халық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізе алады әрі халық кімге сенетінін, мемлекеттік билікті кімге, қанша мерзімге тапсыратынын өзі шешеді», -деді депутат.
Оның айтуынша, Парламент депутаттары бастамашылық жасаған Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі саяси әрі заңдық тұрғыдан дұрыс шешім болып табылады. «Тек осындай өзгерістер ғана уақыт пен тарих сынына жауап береді», - деді И. Елекеев.