Референдум: Дауыс беру барысына кімдер байқаушы бола алады

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Анастация Щегорцова референдум барысында кімдерді байқаушы бола алатынын айтты.

«Референдум комиссия мүшелері мен дауыс беруге құқығы бар азаматтардан басқа референдум учаскесінде қатысушылардың тағы 4 санаты болуы мүмкін. 1-санат – аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары. Сайлау мен референдумды байқауға қатысқысы келетін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар Орталық және аумақтық сайлау учаскелерінде аккредиттеу рәсімінен өтеді. Аккредиттеу 1 жылға беріледі. Бүгінгі таңда 13 республикалық қоғамдық ұйым және 231 өңірлік ұйым аккредиттелген. Республикалық қоғамдық бірлестіктер еліміздің барлық 20 өңірінде байқауды жүзеге асыра алады. Өңірлік ұйымдар аккредиттелген облыста және олардың филиалдары бар облыстарда байқауды жүзеге асыра алады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, дауыс беру барысына саяси партиялар да байқаушы бола алады. Бірақ, олар да аккредиттеуден өтуі тиіс. Бұл ретте AMANAT партиясы ғана аккредиттеуден өтті. Басқа саяси партиялар Орталық референдум комиссиясына өтінім берген жоқ. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ІІ санат – шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушылары. 30 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымнан барлығы 177 байқаушы ресми тіркеуден өтті. Шетелдік байқаушылардың аудармашымен бірге жүруге құқығы бар.

ІІІ санат – шетелдік БАҚ өкілдері. Оларды Сыртқы істер министрлігі аккредиттейді. 38 елден 200 тілші тіркелген.

ІV санат – отандық БАҚ өкілдері. Дауыс беру күнінде әр БАҚ-тан 1 өкілден, телеарналардан 3 өкілден қатыса алады. Ол үшін БАҚ өкілінің қызметтік куәлігі мен рекциялық тапсырмасы болуы қажет.

«Аталған 4 санаттың өкілдері дауыс беру учаскесінде ашылған сәттен бастап, дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін қатысуға құқылы. Олардың құқықтары мен міндеттері заңнамамен белгіленген. Дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау комиссия белгілеген ережелерді қатаң сақтауға міндетті. Дауыс беруге арналған үй-жайда бөгде адамның болуына тыйым салынады», - деді ол.