Референдум күні Түркістан облысында жәрмеңкелер өтіп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысындағы 167 ауылдық елді мекенде жылжымалы медициналық пункттер жұмыс істеуде. Аталған медициналық бригадалар учаскелерге келген дауыс берушілердің денсаулығын бақылап, кеңес беруде.

Фото: Астана әкімдігі

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің дауыс беру учаскесінде кітап жәрмеңкесі өтті. Өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындары арзан бағада түрлі жанрлардағы кітаптарды сатып ала алуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, аудан-қалалардың орталықтарында азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Тұрғындар азық-түлік өнімдері мен көкөністерді нарықтан 15-20 пайызға төмен бағада сатып алып жатыр. Өңір шаруалары өз өнімдерін жұртшылыққа делдалсыз, арзан бағада ұсынып, ел алғысына бөленуде.

Ал, Түркістан қаласындағы №931 дауыс беру учаскесінде ұлттық қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілерге шеберлік сыныптары өткізілді. Жәрмеңкеде шеберлер ағаштан жасалған ұлттық аспаптар мен былғарыдан тігілген бұйымдарды тұрғындардың назарына ұсынды. Сондай-ақ, қыш-құмыралар мен картиналар көрмеге қойылды.

Айта кетейік, дауыс беру - азаматтардың тұрғылықты жері бойынша референдум учаскелерінде өтеді. Учаскелер 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Азаматтар жеке куәлігін не төлқұжатын көрсету арқылы дауыс бере алады.

Осыған дейін Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарға инватакси мен сурдоаудармашылар қызмет көрсетіп жүргені айтылды.