Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын, сондай-ақ оның республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы қаулы қабылданғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында бастамашыл топ жетекшісі Ерлан Сыдықов осылай мәлім етті.
«Бүгіннен бастап 320 адамнан тұратын бастамашыл топ қол жинауға кіріседі. Бұндай шараны неғұрлым тезірек жүзеге асыруға үміттіміз әрі соған сеніміміз мол. Заң бойынша жиналатын қол 200 мыңнан кем болмауы шарт. Біздің одан да көп қол жинауға мүмкіндігіміз баршылық. Өйткені, бүгін көтерілген әңгіме бұрыннан бері Қазақстан халқының басым көпшілігің ойында, жүрегінде жүрген бастамасы», - деді Е. Сыдықов.
Оның айтуынша, референдум туралы идея көтерілмес бұрын, 7 адамнан құрылған бастамашыл топ Қазақстанның бірқатар аумақтарын аралап шыққан. Әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерімен, пікірлестерімен жүздесіп, осы мәселенің қолдау табатынына көздері жеткен. «Сондықтан да қолдау бүкіл Қазақстан бойынша бірдей боларына сеніміміз баршылық», - деді Е. Сыдықов.