Павлодар қаласындағы металлургтер бүгін ала таңнан шұбырып, өз референдум учаскелеріне барып жатыр. Ел экономикасын дамытып, ішкі және сыртқы нарықты қанатты металмен қамтамасыз етіп тұрған кеншілердің референдумға маңызбен қарайтындары байқалды.
№127 референдум учаскесінің төрағасы Айымгүл Ахметжанованың айтуынша, бұл учаскеде жалпы саны 2400 адам дауыс береді.
- Учаскеміз ашылған сәттен жұртшылық үзбей келіп жатыр. Көпшіліктің көңіл күйлері жоғары, жалпы дауыс беру үрдісі ойдағыдай өрбуде. Әсіресе, алюминий және электролиз зауыттарының қызметкерлері белсенділік танытып жатқандары байқалады. Біздің учаскедегі дауыс берушілердің 50-60 пайызы аталған кәсіпорындарда еңбек етеді. Біреуі түнгі ауысымнан шықса, енді бірі жұмысқа үлгеру үшін ала таңнан дауыс беріп үлгеруге тырысты. Қазіргі сәтте жалпы дауыс берушілердің 20 пайыздайы келіп үлгерді деуге болады. Бұған қоса 18 жасқа енді толған 5 адам тіркелген, - деді учаске төрағасы Айымгүл Ахметжанова.
Жергілікті кәсіпорында тау-кен ісінің сарапшысы болып еңбек ететін Еркебұлан Ербосынов АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумды ұлттық деңгейдегі іс-шара деп танитынын жеткізді.
«Бұл – халықтың таңдауы. Мемлекет ішінде алауыздық болмайтындай, көптің қалауына орай жасалып отырған саяси әрі қоғамдық іс-шара деп ұғындым. Экономикалық тұрғыдан да маңызды. Жасым 31-де, тау-кен ісіндегі сарапшылықпен шұғылданамын. Біздің зауытта алюминий үшін қажетті глинозем өндірілсе, ол әрі қарай электролиз зауытына жіберіліп, дайын металл күйінде шығады. Ағам да осы салада, тау-кен маркшейдері», - деді металлург.
Зеленстрой шағын ауданындағы №90 референдум учаскесінде де дауыс беру үрдісі ойдағыдай жүріп жатқаны байқалды. Учаскелік комиссия төрағасы Ақмарал Тұрсынова шағын аудан соңғы жылдары өсіп келе жатқанын баяндады. Мұндағы дауыс берушілердің дені – жергілікті ұлттан. Көбі қаладағы кәсіпорындарда еңбек етеді. Учаскеге тіркелген 2499 адамның бесеуі үйден дауыс беруге өтінім жасаған. Қазіргі сәтте көпшіліктің белсенділігі жоғары екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында 505 мыңнан астам азамат өз таңдауын жасайды.