Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын, сондай-ақ оның республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы қаулы қабылданғаннан кейін сөз сөйлеген ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов осылай мәлім етті.
«Референдум өткізуге байланысты қаражат, оның ішінде бастапқы ұйымдастырушылық қаражаттары бастамашыл топтың қаражаты есебінен атқарылады. Ал қалған жұмыстар егерде Мемлекет басшысы референдум тағайындайтын болса, онда Орталық сайлау комиссиясына бюджеттен қаражат бөлінеді. Онан соң, ОСК қаражаттарды аумақтық комиссияларға бөліп, референдумның барлық жұмыстарын қаржыландыратын болады», - деді Қ. Тұрғанқұлов.
Оның айтуынша, жалпылама алғанда референдумды өткізуге кететін шығын елдегі президенттік сайлауды өткізуге кететін шығыннан әлдеқайда төмен болады.
Сонымен қатар, ОСК төрағасының айтуынша, заңнамаға сәйкес, аумақтық сайлау комиссиясы референдум шарасы басталғаннан кейін «референдум комиссиясы» деп аталатын болады. Оған ешқандай өзгерістер мен жаңа комиссиялар жасақтау шаралары жүргізілмейді.